Маңғыстаудағы Жарма ауылында құм көшкінін тоқтату жұмыстары нәтиже бере бастады
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау ауданындағы Жарма, Сазды және Сауысқан елді мекендері бір-біріне жақын орналасқан, құм басу қаупі жоғары ауылдар болатын. Осыдан 7 жыл бұрын осы елді-мекендердің аумағын құм көшкінінен қорғау бойынша 6 жылдық жоба жасақталды.

Екі кезеңге жоспарланған жобаның алғашқы кезеңі 2022-2024 жылдар аралығында жүргізілді. 60,34 гектар аумаққа 203 634 түп сексеуіл мен жүзгін ағаштары егіліп, шығымдылығы 85-90 пайызды құраған.
Жарма ауылының тұрғыны Алдаберді Ақшабаевтың айтуынша, қазірдің өзінде құм едәуір тоқтаған. Жауапты мамандар арасында келіп, тексеріп тұрады екен.
- Құмның жиегі орман болып кетті. Оны шарбақпен қоршап қойды. Ұштағанның жігіттері бар, Жарманың басында да екі жауапты тұрғын бар, солар шарбақтарды тексеріп, құлаған жерін жөндеп отырады. Сексеуіл егіп жатыр. Биыл жаңбыр көп болып, өсімдіктер жақсы шықты, - дейді ақсақал.
Жарма ауылында құм көшкінін тоқтату жобасының екінші кезеңі 2025-2027 жылдарға жоспарланған. Енді 73,74 гектар аумаққа 248 887 сексеуіл мен жүзгін ағаштары отырғызылады.
Қазір жұмыс жүріп жатыр.
Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Хайдар Төлеушовтің айтуынша, аймақта құм тоқтату жұмыстары 2004 жылдан бері жүргізіліп келеді. Ұштаған ауылында 2007 жылы, Тұщықұдық ауылында 2012 жылы ал Шебір ауылында 2016 жылы басталып, сексеуіл өсіру жұмыстары 2021 жылға дейін жүргізілген.
Ал, Сенек ауылында 2004 жылы басталып, 2022 жылы аяқталған.
- Нәтижесінде Ұштағанда - 648,8 гектар, Тұщықұдықта - 847,4 гектар, Шебір ауылында - 451,8 гектар, Сенек ауылында 1288 гектар жер игерілді. Жалпы алғанда, шөл алқаптағы төрт ауылдың айналасында - 3329 гектар жасыл желектер пайда болды, - дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары Хайдар Төлеушов.
Маңғыстауда шөлейттенуге бейім ауылдар көп. Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтыр Бейнеу ауданының Тәжен, Сыңғырлау, Сам, Тұрыш және Ақжігіт ауылдарында, Қарақия ауданының Сенек пен Бостан ауылдарында, Маңғыстау ауданының Жармыш және Ақшымырау ауылдарында, Түпқараған ауданының Таушық елді-мекенінде қауiптi эолдық процестердiң даму қаупiн анықтау мақсатында, жобаны ғылыми негiздеу және қызмет сметасын әзiрлеу бойынша жұмыстар жүргізілген.
Аталған ауылдардың шөлейттенуіне қарсы жұмыстар биыл басталып, сексеуіл өсіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Бұған дейін, Маңғыстауда бірнеше елді-мекенге құм көшкінінің астында қалу қаупі төніп тұрғаны туралы жазған болатынбыз.