Маңғыстаудың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны қалай

АҚТАУ. KAZINFORM — Аймаққа соңғы бес жылда 4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Осы қаржыға жүзеге асырылуы тиіс 47 жобаның бүгінде 17-сі қосылды. Өңірдің туристік әлеуеті артып келеді. Былтыр облысқа 462 мыңнан астам турист келген. Kazinform өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму статистикасын ұсынады.

а
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Маңғыстау — еліміздің қиыр оңтүстік-батысында орналасқан аймақ. Бес аудан, екі қаладан тұрады.

Халық саны — 807 539 адам. Жартысынан көбі, яғни 54 пайызы ауылда тұрады. 

адамдар
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Экономиканы дамытудың негізгі бағыттары

Аймақта өңдеу өнеркәсібі, шағын орта бизнес, туризм, көлік және логистика, агроөнеркәсіп салалары экономиканы орнықты дамыту және әртараптандырудың басым бағыттары ретінде белгіленген. 

Облыста өңдеу өнеркәсібі саласында тұрақты өсу қарқыны сақталуда. Бұдан 5 жыл бұрын өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2,8 пайызды құраса, қазір 9% болды. 

Аймақта шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыс істеп тұрған 77 165 субъекті бар. Олар былтыр 1,5 трлн теңгенің өнімін шығарған. Бизнестің дамуына мемлекеттік қолдау ықпал етіп отыр.

Жыл басынан бері 10 млрд теңгенің 103 жобасы қолдау тауып, 100-ден астам жұмыс орны сақталып, 17 жаңа жұмыс орны құрылды. 

а
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірге 462 мыңнан астам турист келген. Көрсетілген қызмет көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 22 пайызға өсіп, 18,5 млрд теңге болды.

Курорттық аймақты дамыту аясында былтыр құны 8,5 млрд теңгенің 3 инвестициялық жобасы аяқталған. Туризм саласында 2025-2027 жылдар аралығында құны 194,7 млрд теңге болатын 15 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Өңір экономикасына соңғы бес жылда 4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған.

Облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Абай Естекбаевтың айтуынша, 2024-2026 жылдары экономиканың әртүрлі салаларында 640 млрд теңгеге 47 жобаны іске асыру жоспарланған.

Соның нәтижесінде 2400-ден астам жұмыс орны ашылмақ.

а
Фото: Аягөз Ізбасарова / Kazinform

— Бүгінгі таңда 37 миллиард теңгеге 17 жоба іске қосылып, 550 ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұдан бөлек, перспективада 2027-2032 жылдар аралығында инвесторлар есебінен құны 29,4 трлн теңге болатын 8 ірі жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Құрылыс кезінде 9000, іске қосылғаннан кейін 3600 тұрақты жұмыс орны ашылады, — дейді Абай Естекбаев.

8 инвестициялық жоба:

  1. «Жасыл» сутегі өндіру кешені жобасы. 1-кезеңде инвестиция көлемі — 25 трлн теңге. Жұмыс орны уақытша — 3500, тұрақты — 1800. Қуаты жылына 2 млн тонна сутегі өндіру. Жобаны жүзеге асыру мерзімі — 2032 жыл.
  2. «Қаламқас-теңіз, Хазар» кен орындарын игеру жобасы. Инвестиция көлемі — 3 трлн теңге. Жұмыс орны уақытша 2000, тұрақты — 200. Қуаты жылына 4 млн тонна мұнай өндіру. Жобаны іске асыру мерзімі — 2028 жыл.
  3. Аммиак-карбамид кешені. Инвестиция көлемі — 750 млрд теңге. Жұмыс орны уақытша — 1500, тұрақты — 700. Жоба жылына 2 млн тонна химиялық өнімдерді өндірмек. Іске асыру мерзімі — 2029 жыл.
  4. Жаңаөзен қаласында жаңа газ өңдеу зауыты. Инвестиция көлемі — 217 млрд теңге. Жұмыс орны уақытша — 360. Қуаты жылына 900 миллион текше метр ілеспе газ өндіру. Жобаны іске асыру мерзімі — 2027 жыл.
  5. Гибридті электр станциясы жобасы. Инвестиция көлемі — 174,5 млрд теңге. Жұмыс орны уақытша — 800, тұрақты — 70. Қуаты 247 МВт. Жобаны іске асыру мерзімі — 2026 жыл.
  6. Ақтау халықаралық әуежайын жаңғырту жобасы. Инвестиция көлемі — 142 млрд теңге. 720 тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Жолаушылар ағыны жылына 2,5 млн адамға дейін ұлғайып, жүк тасымалдау көлемі жылына 3 мың тоннадан 100 мың тоннаға дейін, келушілер саны жылына 600 мың адамға дейін көбеюге тиіс. Жобаны іске асыру мерзімі — 2030 жыл.
  7. Бу-газ қондырғысы. Инвестиция көлемі — 95 ммллиард теңгені құрайды. Жұмыс орны уақытша — 800, тұрақты — 80. Қуаттылығы 160 МВт, іске асыру мерзімі — 2027 жыл.
  8. Сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыт. Инвестиция көлемі — 62,5 млрд теңге. Жұмыс орны уақытша — 300, тұрақты — 100. Жобаның қуаты жылына 145 мың тонна сұйытылған табиғи газ өндіру. Іске асыру мерзімі — 2027 жыл.
порт
Фото: Аягөз Ізбасарова / Kazinform

Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы саласында жыл басынан бері 6,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл салада да мемлекеттік қолдау үлкен рөл атқарып тұр. Соңғы 3 жылда 2 654 агроөнеркәсіп субъектісіне 5,4 млрд теңге көлемінде субсидия төленген.

Ал биылға 4 миллард теңге көзделіп отыр. Облыстық ауыл шаруашлылығы басқармасының басшысы Дастан Мұраталиевтің айтуынша, бұл қаржы мал шаруашылығын дамытуға, өсімдік шаруашылығына, инвестициялық субсидиялауға және сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға берілмек.

— Облыста мал шаруашылығымен айналысып отырған 4 037 шаруа қожалығы бар. Статистикаға сүйенсек, 765 768 төрт түлік тіркелген. Былтыр 672 агроөнеркәсіп субъектісіне 1,2 млрд теңге көлемінде субсидия төленді. Оның ішінде мал азығы құнын арзандату мақсатында, 640 шаруа қожалығына 1,7 млрд теңге субсидия берілді, — дейді басқарма басшысы.

а
Фото: Аягөз Ізбасарова / Kazinform

Порттарда жүк тасымалы 60 пайызға артты

Еліміздің теңіз қақпасы — порттарда жүк айналысы артқан. Бүгінде облыс аумағында екі теңіз порты мен үш терминал жұмыс істейді.

Олар — «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты», (11,8 млн тонна), «Құрық порты» (6 млн тонна), «Ақтау теңіз солтүстік терминалы» (3 млн тонна) және «Ерсай терминалы» (1,5 млн тонна). 

Порттардың жалпы өткізу қабілеті — жылына 22,5 млн тонна. Статистика бойынша, жүк айналымы 2021 жылдан 2024 жылға дейін 60%-ға артқан.

порт
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Контейнерлік хаб құру жобасы жүзеге асып жатыр

Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ақтау портының базасында контейнерлік хаб құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жер учаскелерін вертикалды жоспарлау, жобалау және құрылыс бойынша жұмыс толық аяқталып, мердігер құрылыс-монтаж жұмысына кіріскен. Бұл — Қазақстан үшін стратегиялық маңызды жоба. 

Елдің халықаралық логистикалық жүйедегі орнын нығайтып, Транскаспий дәлізін әлемдік саудадағы негізгі бағыттардың бірі ретінде дамыта түспек.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиевтің айтуынша, 1-ші іске қосу кешенінің құрылысы биыл маусым айынды аяқталады.

порт
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

— Контейнерлік хаб — Қытай, Орталық Азия елдері және Еуропадан келетін қосымша жүк ағындарын тарту арқылы Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырады. Теңіз, теміржол және автокөлік көліктерін тиімді біріктіріп, мультимодальды тасымалдауды дамытады. Ақтау портын Каспий аймағындағы контейнерлік тасымалдар бойынша жетекші орталыққа айналдырып, оның халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Жүк жөнелтушілер үшін қолайлы жағдай жасап, тасымал мерзімдері мен шығындарын азайтады. Жоба іске асырылғаннан кейін Ақтау портының контейнерлерді өңдеу өткізу қабілеті жылына 70 мың жиырма футтық контейнерден 270 мың жиырма футтық контейнерге дейін артуы мүмкін, — дейді басқарма басшысы.

Халықтың әл-ауқаты

Маңғыстау — республика бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейі жоғары өңірлер қатарында. 2024 жылдың 4 тоқсанының қорытындысы бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейі — 63 388 теңге, кедейлік шегі — 44 372 теңге. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен 22,6% жоғары.

Жыл басынан бері ең төменгі күнкөріс деңгейі 61 956 теңге, кедейлік шегі — 43 369 теңге болды.
Былтырғы ұлттық статбюро мәліметіне сәйкес облыстағы жұмыс күшінің саны — 365,7 мың адам. 

Актау Каспийское море Ақтау Каспий теңізі
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Экономиканың әртүрлі салаларында 347,4 мың адам жұмыспен қамтылған, ал жұмыссыз халық саны — 18,3 мың адам. Сәйкесінше жұмыссыздық деңгейі 5% (республика бойынша — 4,7%).
Облыстың мансап орталықтарында 20 371 адам жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тағы 8 мектеп іске қосылмақ

Өңірде 190 мыңнан астам бала жалпы білім беретін 205 мектепте білім алып жүр. Үш ауысымда оқытатын 10, апаттық жағдайда 3 мектеп жұмыс істейді. 

Облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдарға 12 600 орындық 13 мектептің құрылысы жоспарланған. Бүгінгі таңда соның 4500 орындық 4 мектебі қолданысқа берілді.

Школа , образование / мектеп , білім
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Маңғыстау облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл тамыз айында 8100 орындық 9 мектепті пайдалануға беру жоспарланған (Ақтау қаласы — 3300 орындық 3, Жаңаөзен қаласы — 1200 орындық 1, Бейнеу ауданы — 900 орындық 2, Маңғыстау ауданы — 600 орындық 1, Мұнайлы ауданы — 3300 орындық 3 мектеп).

Аталған нысандар іске қосылғаннан кейін 10 мектептегі үш ауысымда оқыту мәселесі шешілмек.

Автомобиль жолдары

Былтыр облыста жергілікті маңыздағы 215 шақырым жол салынып, жөндеуден өтті. Нәтижесінде автомобиль жолдарының 97 пайызы жақсы жағдайда.

Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін Ақтауға 91 дана жолаушы автобусы сатып алынып, қалада автобус паркі 100% жаңарған. Ал, ауданаралық және ауданішілік бағыттарға 76 автобус сатып алынды.

Дорога, жол
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Тұрақтандыру қорында 585 тонна азық-түлік бар

Бүгінгі таңда облыста тұрақтандыру қорларында 585 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары сақталған. Оның ішінде қант — 21,8 тонна, тазартылған күріш — 64,55 тонна, рожки — 33,1 тонна, қарақұмық жармасы — 25 тонна, күнбағыс майы — 115 тонна, ас тұзы — 125,5 тонна, қырыққабат — 200 тонна.

Сонымен қатар, бірнеше серіктестікпен форвардтық келісім-шарт жасалған. Кәсіпкерлік субьектілері айналым механизмі арқылы 368 тонна пияз, 518 тонна сәбіз, 419 тонна қырыққабат, 20,3 тонна сүт өнімдері, 69,7 тонна қышқыл сүт өнімдері, 13,0 тонна ірімшік және сүзбе өнімдерімен қамтамасыз етуге міндеттелген. 

а
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Маңғыстау облысында жүр. 

Соңғы жаңалықтар