Маңғыстаулық тұрғыннан бекіре балығы мен уылдырық тәркіленді
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстаулық полицейлер бекіре мен уылдырықтың заңсыз айналымын анықтады. Олар прокуратураның үйлестіруімен өткен жедел-іздестіру шарасы барысында жергілікті тұрғындарды ұстаған.
Тінту жұмыстарын жүргізу кезінде күдіктілердің бірінен салмағы 88 келі жиырма дана бекіре тұқымдас балығы тәркіленді. Ал екінші тұрғыннан қара түсті балық уылдырығына ұқсас зат табылған. Тәркіленген заттың салмағы 860 граммды құрайды.
Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Бұған дейін, Атырау облысында браконьерлерден бір айда 300 келіден аса бекіре тәркіленгені туралы жазған болатынбыз.