Маңғыстау мен Атырауда бір күнде 19 адам өрттен құтқарылды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Маңғыстау мен Атырау полицейлері бір күнде 19 адамды өрттен құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
21 желтоқсанда Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Құрық елді мекенінде 2-шағын ауданның көпқабатты үйлерінің бірінде өрт болған.
«Учаскелік полиция инспекторлары Аслан Есенғалиев пен Айдос Думаш кезекші бөлімнен хабарлама алған соң, бірден оқиға орнына жол тартты. Онда екінші қабаттағы пәтерден түтінді байқап, эвакуацияға кіріскен. Өрт болған екінші қабаттан 9 адам шығарылған және полиция басқа пәтерлерді де тексеріп шыққан. Осылайша, жоғарғы қабаттағы пәтерден ана мен бала және тағы бір ересек әйел құтқарылды», - деді Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек апталық брифингіде.
Сол күні Атырауда да дәл осындай оқиға болды. Полицейлер өрттен 7 баланы құтқарды.
«Таңғы сағат 10-да Құрманғазы ауданының ПМК-25 елді мекенінде екі қабатты жатақханадан өрт шықты. Патрульдік полиция инспекторлары Бекжан Мұратқалиев пен Нұрболат Қабасов өртті байқап, оқиға орнына дереу жетті. Олардың жедел әрекеті арқасында өртеніп жатқан үйден 7 бала эвакуацияланды, полиция жедел жәрдем келгенше алғашқы медициналық көмек көрсеткен», - дейді Ш. Тұрлыбек.