Маңғыстау облысында 1400-ге жуық студент жатақханаға зәру - БҒМ
Ведомство мәліметіне сәйкес, Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы шеңберінде аймақта 2022 жылдың соңына дейін 2 140 орындық 7 жатақхананы (Бір ЖОО үшін 170 орынға және алты колледж үшін 1 970 орынға арналған) қолданысқа беру көзделген.
«Берілген мәселені шешу үшін 7 жер учаскесінде объектілерді пайдалануға енгізу жоспарда. Қазіргі уақытта 4 нысан бойынша ЖСҚ әзірленген жоқ, ал 3-еуі бойынша ЖСҚ қажет етілмейді», - делінген хабарламада.
Жобаларды іске асыру операторы - «Қаржы орталығы» АҚ. Белгіленген механизмге сәйкес, жатақхана жаңадан салынған жағдайда мемлекеттен әрбір төсек орын үшін жыл сайын - 122 АЕК, ал ғимарат қайта жөнделгенде 47 АЕК қаражат төленетін болады. Төлемдердің жүргізілу кезеңі - 8 жыл.
«Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі туралы Маңғыстау облысының кәсіпкерлік қоғамдастығына ақпарат беру мақсатында «Қаржы орталығы» АҚ «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, биылғы 16 мамырда өңірде түсіндіру кездесуін өткізді. Іс-шараға қонақүй кешендерінің, хостелдердің басшылары мен басқа да мүдделі кәсіпкерлер, «Білім басқармасы» ММ, «Каспий» ӘКК» АҚ, «Даму» қорының Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалы қатысты», - деді министрліктен.
ҚР БҒМ ақпаратына сүйенсек, 2019 жылғы мамыр айындағы жағдай бойынша Қазақстанда жатақханаларды салу жөнінде 20 шарт жасалды. Олардың шеңберінде 2019-2022 жылдар аралығында 6 864 төсек орнын ұсыну жоспарлануда. Соның 13-і Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қостанай, Тараз, Орал қалаларында жаңа нысандарды салу және 7-еуі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Павлодар, Өскемен қалаларында реконструкциялау жолымен іске асырылатын болады.