Маңғыстау облысында ауыл мектебінің мұғалімі шиге сурет салуды үйретуде

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысындағы Сайөтес орта мектебі бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Хиуаз Демеуова оқушыларға арнап шеберлік сабағын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстау облысында ауыл мектебінің мұғалімі шиге сурет салуды үйретуде

Ол сурет үйірмесіне жетекшілік етеді. Шебер ұстаз балалардың сурет салуға қызығушылығын арттыру мақсатында «Гобелен» деп аталатын ерекше жобаны қолға алған.

«Гобелен өнері ұзақ, қажырлы еңбекті талап етеді. Яғни өрнекті ши тоқудың бір түрі. Алдымен қағазға шығарманың эскизін саламыз. Содан соң өлшемін, бояу палитрасын таңдаймыз. Эскиз дайын болғаннан кейін түрлі-түсті жіптер мен қажетті құралдарды дайындаймыз. Құрылғы (станок) сүргіленген ағаштан жасалып, уақ шегелер қағылады. Гобеленді тоқу жұмысы аяқталғанда арқау жіптері қиылып, шашақталады. Өнердің бұл түрі балалардың ой өрісін, таным деңгейін әсемдікке тәрбиелейді», - деді Хиуаз Демеуова.

Оның айтуынша, бұл істе әр бояудың түсі мен үйлесімділігін түсіну маңызды. Талантты мұғалім шеберлік сабақтарын балаларды қолөнердің сан түріне баулу үшін ұйымдастырады. Енді оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында ұршық иіріп, жүн түтіп, ермексаз бен картоннан жаңа туындыларды жасауды жоспарлап отыр.