Маңғыстау облысында Бекет атаның 260 жылдығына орай мерейтой басталды

Бүгін маңғыстаулықтар үшін той тізгіні ағытылып, үлкен мереке басталды. Рух алыбы атанған әулие, рухани ұстаз Пір Бекет Атаның 260 жылдығы кең көлемде тойланып жатыр. Алыс жақын шет елдерден келген меймандар бүгін Маңғыстау облысындағы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстармен танысу үшін жолсапарға шықты. Сондай-ақ олар «Шопан ата» жерасты мешітінде болу, реставрациялық жұмыстармен танысып, «Бекет ата» жерасты мешітінің ерекше орналасу архитектурасын және тарихи-мәдени құндылықтарын көздерімен көрмек.
Қыркүйек айының 14-інен басталған мәдени шаралар легі қыркүйектің 18-іне дейін жалғаспақ. Мерейлі тойдың мазмұнға толы алғашқы шарасы «Қызылсай-Шопан ата-Оғланды» көлік жолының салтанатты ашылуы рәсімімен басталды. Көлік жолының құрылысы 2008 жылы басталған болатын. Жобаның құны 2,7 миллиард теңгені құрады.
Салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев, «Нұр Отан» ХДП облыстық бөлімшесінің активтері, ардагерлер, облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, қоғам өкілдері қатысты.
«Бекет ата қандай жағдайда өмір сүрді, замандастары, ұстазы кім болды? деген сұрақтардың жауабын алу керек. Осы мәселені зерттеп, тауып жатырмыз. 7 жыл оқыған Самарқан, Бұқарадағы, Хиуадағы медреселердің оқу жоспарын алдырдық. Медресе оқып жүрген кезінде-ақ Бекет Ата адамның ақылына сыймайтын түрлі кереметтер жасайтын болған. Сонда Атамыз теологиямен қатар медицина, математика, астрономия, география сияқты жаратылыстану ғылымдарының бәрін оқыған. Тілдің де бірнешеуін меңгерген. Сопылықтың, әулиеліктің үлкен деңгейіне жеткен. Бекеттану ілімі қалыптасып, жалғасын табады. 260 жылдық шарасы аясында әлемнің түкпір-түкпірнен және отандық ғалымдар, зерттеушілер келіп, рухани тұлға жайлы еңбектерін әкеледі. Бекет ата туралы әңгімелерді жастарға, ұрпаққа жеткізіп, тәрбиелеуге тиіспіз!» дейді «Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, «Бекет ата» 260 жылдығын атап өтуді ұйымдастыру комитетінің төрағасы Жауынбай Қараев.
Бекет ата туралы қалың қазаққа таныстырып жату ағаттық. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың түсінігінде «Жақсы заманда да, жаман заманда да оған деген ел сүйіспеншілігіне қылау түсіп көрген жоқ. Өйткені Ол тірісінде - елінің жел жақтағы Панасы, ық жақтағы Саясы бола білген Азамат. Жаудан елді арашалаған Батыр. Дауда әділетті арашалаған Қазы. Озбырлықтан Обал мен Сауапты арашалаған Пірәддар... Елі мен жерін шексіз сүйген Асыл Азамат, Абзал Адамды Елі де шексіз сүйеді... Адалдықтан асқан құдіреттіліктің, әділеттіліктен асқан әулиеліктің болуы мүмкін бе?! Мейірімнен асқан кие, Парасаттан асқан қасиет болушы ма еді, тәйірі?!..»
Маңғыстау облысы әкімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаевтың айтуынша, қазір біз рухани ілімге шөлдеп отырмыз. Тәуелсіз елдің жастарын рухани тәрбиелеу үшін Бекет Ата сынды ұлттық деңгейдегі ұлы тұлға қажет. Бүкіл қазақ қоғамын біріктіретін үлкен шара - Атаның 260 жылдығы. Осы уақытқа дейін Бекет атаға қатысты шаралар тек республикалық, аймақтық деңгейде өтіп келсе, биыл рухани тұлғаны дүниежүзіне насихаттауға, таныстыруға мүмкіндік туып отыр. Бабаның рухани ілімі әлемге шуақ болып шашырайын деп тұр.
Мерейтойды ұйымдастыру комитетінің төрағасы Жауынбай Қараевтың айтуынша, тойға дейін «Шопан ата», «Бекет ата» кешендерінде қайта қалпына келтіру, жөндеу, абаттандыру жұмыстарын жүргізу, «Қызылсай - Шопан ата - Оғыланды» қатқыл табан жолын салу, «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде «Бабалар мұрасы» павильонын ашу, облыс бойынша қайырымдылық акцияларын, тазалық, абаттандыру шаралары жасалған.
Сондай-ақ той барысында сирек кездесетін тарихи жәдігерлер, кітаптар, көркем және фотосуреттер көрмесін ұйымдастыру, тарихи-танымдық жырлар жырланатын жыршылар кешін өткізу, мәдени-спорттық шаралар жүзеге асырылуда.
«Өзбекстанның діни мұрағаттарынан Пір-Бекет туралы тың деректерді іздестіріп, мәліметтер табу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өзбек ғалымы Қ.Құдайбергенов Бекет ата жөнінде мағлұмат беретін «Хилвати Суфиха» кітабының орыс және араб тіліндегі нұсқаларын тарту етті. Осылай Бекет ата туралы айтылғандар мен жинақталғандарды қайтадан тағы қайтара бір толықтырып, тіпті бұрын беймағлұм болып келе жатқан дәйектерді жарыққа шығару жоспарда тұр», - дейді Жауынбай Қараев.
Бүгіннен басталған ата тойы ертең «Бабалар мұрасы» атты тарихи-мәдени және кітап көрмесімен, «Бекет ата тағылымы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциямен жалғасын таппақ. Мұнан басқа Мұнайлы ауданының жаңа орталығы «Батыр» елді мекенінің іргетасын қалау рәсімі мен «Жаңа қаланың өмірге келуі» атты «Ақтау-сити»қаласы құрылысы басталуына арналған мерекелік тұсаукесер шара өткізілмек.
Ал «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде өткізілетін іс-шаралар шоқтығы мүлдем бөлек. Киіз үйлер қалашығында Жаңаөзен қаласы және Қарақия ауданы көркемөнерпаздарының концерті мен ошақ бәйге , қазақша күрес, «Ата рухына тағзам» атты ақындардың жыр кеші , «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің «Ақсарай» павильонындағы мұражайдың ашылу салтанаты, Маңғыстау облысы тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік Кеңестің кеңейтілген көшпелі отырысы, «Жеті аққу - Жеті жұртқа жеткен кие» театрландырылған қойылымдар көрсетілмек.
Бұл әрине, қазақ халқы үшін құр той ғана емес, әдеп пен ғұрпымызды кеңінен насихаттаған, баба салтын сақтаған, ата дәстүрін үзбеген ұрпақтың жат жұртқа бірлігі бен берекесін паш еткен ұлы той болмақ.
Маңғыстау облысы әкімі Қырымбек Елеуұлы да: «Тойдың мақсаты - Тай сойдырып, ат жарыстырып, ет жедік деген мәселе үшін емес, Бекет Атаның дүниежүзіндегі, оның ішіндегі ислам әлеміндегі, Еуразиядағы рухани рөлін дәлелдеп, насихаттау.Елдің ынтымағы мен бірлігін қамтамасыз ету үшін бізге рухани бірлік өте қажет. Тәуелсіздікті баянды жасау үшін ең қажеті рухани бірлік. Ол - тілің, ділің, дінің. Осы мақсатта өскелең ұрпақты тәрбиелеу үшін Бекет Атаның тойын тойлауға шешім қабылдадық» деген болатын.