Маңғыстау облысында электр энергиясының жаңа тарифі бекітілді

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында электр энергиясының жаңа тарифі бекітілді, ол 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Маңғыстау облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті 23 тамызда «Маңғыстау Жарық» ЖШС-не Ақтау қаласы және Мұнайлы ауданының тұтынушылары үшін 1 кВт сағатқа электр энергиясының құнын өзгертуге келісім берді:

- тұрмыстық тұтынушылар (тұрғындар) үшін ҚҚС-сыз – 17,40 теңге;

- заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін ҚҚС-сыз – 21,38 теңге;

- мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар үшін ҚҚС-сыз – 68,68 теңге.

Сондай-ақ, Түпқараған, Қарақия, Бейнеу және Маңғыстау аудандарының тұтынушылары үшін электр энергиясының құны 1 кВт сағаты:

- тұрмыстық тұтынушылар (тұрғындар) үшін ҚҚС-сыз – 17,40 теңге;

- заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін ҚҚС-сыз – 25,77 теңге;

- мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар үшін ҚҚС-сыз – 41,60 теңге.

Тарифтің көтерілу себебі – «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-нің электр энергиясын өндіруге шекті тарифінің көтерілуі. Сондықтан да, «Маңғыстау Жарық» ЖШС мәжбүрлі түрде тарифті көтеріп отыр.

«2019 жылдан бастап біз Маңғыстау облысының төрт ауданында (Түпқараған, Маңғыстау, Қарақия және Бейнеу аудандары), 2021 жылдан бастап Жаңаөзенде тұтынушылардың түрлі топтарын энергиямен жабдықтау қызметін жүзеге асыра бастадық, ал 2022 жылдың қаңтарынан бастап Ақтау және Мұнайлы ауданының тұтынушыларына қызмет көрсете бастадық. Ақтауда төрт жыл бойы халық үшін тариф тоқтатылды. Бізге дейін басқа энергиямен жабдықтаушы ұйым жұмыс істегені баршаға мәлім, ал біз қала әкімшілігінің өтініші бойынша алдыңғы компанияның орнына келдік. Осы айлардың барлығы Ақтау және Мұнайлы ауданының тұтынушылары үшін шығынды тарифке қарамастан, біз өз жұмысымызды уақтылы орындауды және жеткізушілермен, соның ішінде «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-мен есеп айырысуды жалғастырдық», - деді компания директоры Ермек Дәулетпақов.


Соңғы жаңалықтар