Маңғыстау облысында ескірген, апатты үйлерді жөндеуге және сүруге 6 млрд. теңге бөлінді

Биылғы жылы мемлекеттік бағдарламаның төртінші бағыты (ҚР-дағы жаңғырту бағдарламасы бойынша қолданыстағы тұрғын үйлерге жөндеу жүргізу) бойынша шаһардағы жалпы аумағы 14,7 шаршы метрді құрайтын 15 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарлануда. Оған ел қазынасынан 1 млрд.теңге қаражат қарастырылған.
«Бүгінгі таңда облыс орталығының 2-ші және 3-ші ықшам аудандарында орналасқан аталмыш үйлерді жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, кондоминиумдар құрылды. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге барлық пәтер қожайындарының келісімдері және мемлекеттік сараптаманың оң тұжырымдамасы бар. Республикалық қазынадан қаржы аударылған соң, бірден жұмысқа кірісеміз», - деп атап өтті Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашев.
Облыста тұрғын үй құрылысының бесінші бағыты бойынша апаттық және ескірген үйлерді сүру ілкі жобасы шеңберінде кейінгіге қалдыру шартымен 5 млрд.теңге қарастырылған. Қаржылар дайын жобаларды ұсыну шартымен бөлінетін болады.
«Қазіргі таңда аталмыш мақсатта Ақтау қаласының 3-ші ықшам ауданында 40 және 60 пәтерлі 2 тұрғын үйді салу бағытында жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Жобалық-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптаманың қарауына жолданған. Оның тұжырымдамасын мамыр-маусым айларында күтіп отырмыз. Сонымен қатар Ақтау қаласының 32 «а» ықшам ауданында 100 пәтерлі екі тұрғын үйді бір-біріне байланыстыру жұмыстары тәмамдалуда», - деді С.Алдашев.