14:30, 10 Шілде 2009 | GMT +5
Маңғыстау облысында І жартыжылдықта 11 мыңнан астам жұмыс орны құрылды
АСТАНА. Шілденің 10-ы. ҚазАқпарат - Бүгінгі дағдарыс уақытында тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарына баса назар аударылуда. Ағымдағы жылдың І жартыжылдығында заңмен белгіленген әлеуметтік төлемақылардан басқа, облыстық бюджет қаражаты есебінен 18 түрлі қосымша әлеуметтік көмектің берілуі жалғасты.

Жұмыссыздықтан әлеуметтік сақтандырудың қосымша шаралары қабылданды. Биыл жұмыссыздарды кәсіптік оқытуға және қайта мамандандыруға, қоғамдық жұмыстарға бөлінетін бюджет қаражаты 2 есе ұлғайтылды. Өңір кәсіпорындарымен өндірістік үдерістерді тұрақтандыру және жұмысшылардың еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету жөніндегі 203 меморандумға қол қойылды.
Сөйтіп, бірінші жартыжылдықта 11300 жаңа жұмыс орны құрылды, бұл - өткен жылдың алғашқы жартысымен салыстырғанда 2 есе артық.
Қабылданып жатқан шаралар арқасында 2009 жылдың І тоқсанында экономикада еңбекпен қамтылғандар қатары 192,6 мың адамға жетті. Тіркелген жұмыссыздық көлемі 0,8 пайыз көлемінде сақталып тұр.