Маңғыстау облысында Иса-Досан көтерілісінің 140 жылдығын мерекелеуге арналған іс -шаралар өтіп жатыр

АҚТАУ. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/ -Бүгін Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласында Иса-Досан көтерілісінің 140 жылдығын мерекелеуге арналған іс -шаралар өтіп жатыр.
None
None

Қазақ халқының тарихындағы Сырым, Исатай-Махамбет, Кенесарыдан кейінгі үлкен бас көтерулер қатарына жататыны - Иса мен Досан бастаған патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы көтерілісі.

Ресей өз отарлау саясатын қолайлы жерлерден қамалдар сала отырып, келе -келе ақыры қазіргі Форт-Шевченко қаласынан орын теуіп, Маңғыстауға өз биліктерін жүргізуге бағытталған әр түрлі шешімдерді іске асырды. Территориялық принципке сай шекараларға бөліну негізінде жергілікті халықтың емін -еркін көшіп қонуына тыйым салды. Ең сорақысы - 1867-1868 жылғы «Уақытша Ережеге» сәйкес , елге ауыр салық салынды, мал-мүлік талан-таражға түсті, жергілікті адай халқын өз жерлерінен қуып шығарды. Осының бәрі халықтың наразылығын туғызып, 1870 жылы Иса Тіленбаев пен Досан Тәжиев бастаған намысты батырлар орыс отаршылдарына қарсы көтерілді.

Тарих қалдырған қапысыз шындық осы еді...

Биыл 140 жыл толып отырған Иса-Досан көтерілісін Маңғыстау халқы арнайы мәдени шаралармен атап өтуде.

Бүгін Ақтауда өткен «Ел тәуелсіздігі үшін күрестегі Иса-Досан көтерілісінің тарихи маңызы» атты республикалық ғылыми- теориялық конференцияда тарихшылар жиылып, Иса мен Досан сынды ержүрек ұлдарының айрықша тұлғалары мен көтерілістің тарихи құндылығын сөз етсе, Форт Шевченко қаласында Иса-Досан көтерілісінің 140 жылдығына арналған республикалық жыршы-термешілер байқауы өтті.

Сондай-ақ бүгін Иса-Досан көтерілісінің 140 жылдығына арналған ескерткіштің ашылу салтанаты да Форт Шевченко қаласында өтіп жатыр. Мерекелік концертпен жалғасатын іс -шаралар аясында ошақ бәйге, аламан бәйге, қазақша күрестен облыстық турнир өткізілмек.

Соңғы жаңалықтар