13:14, 13 Маусым 2023 | GMT +5
Маңғыстау облысында кен орнындағы өрт 4 күннен бері жалындап жатыр
АҚТАУ.ҚазАқпарат - 9 маусым күні Маңғыстау облысындағы «Бозашы Мұнай» ЖШС-ның «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай-газ кен орнында тұтанған өрт әлі ауыздықталған жоқ. Бұл туралы өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«13 маусым сағат 08:30-дағы жағдай бойынша Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы бөлімшесінің күшімен жасақталған линия бойынша 302 текше метр ерітінді төгілді (кратерге - ред.).
Жұмыс жалғасып жатыр.
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жиынтық жасағының күштері мен құралдары апат болған жерде кезекшілік режимінде жұмыс жүргізуде», - делінген мәліметте.
Іс-қимылдың одан арғы алгоритмін әзірлеу мақсатында бүгін кеңес өткізу жоспарланған.
Еске салайық, 9 маусым сағат 09:00-де Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс жағдайлары басқармасына «Бозашы Мұнай» ЖШС-ның «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай-газ кен орнындағы өрт туралы ақпарат түскен болатын.