08:39, 23 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Маңғыстау облысында магистральді газ құбырында болған өрт ауыздықталды, бірақ газдың берілуі қалпына келтірілген жоқ
АСТАНА. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында магистральді газ құбырынан шыққан өрт ауыздықталды, газдың берілуі қалпына келтірілген жоқ.
Бұл туралы Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінен хабарлады.
Бұған дейін хабарланғандай, қыркүйектің 22-сі күні 01.40-та Маңғыстау облысындағы Сай-Өтес кентінен бір шақырым қашықтықта «Интер Газ Орталық Азия» компаниясына тиесілі магистральді газ құбыры екі жерден жарылып, оның арты өртке ұласты. ТЖМ-ның ақпараты бойынша, желімен газды беру тоқтатылды.
Апат салдарынан 110 кВ-тық жоғары қуатты электр тарату желісінің 200 метрі және 220 кВ-ты жоғары қуатты желінің 200 метрі зақымдалды. Сай-Өтес кентіне жарық қосалқы желі бойынша беріліп жатыр.
Апатты учаскіде өрт сағат 06.30-да ауыздықталды. Төтенше жағдайды жоюға 80-ге жуық адам мен 10-нан астам техника жұмылдырылды.