Маңғыстау облысында статистикаға ілінбеген 20 мың адамнан астам «көрінбейтін» контингент бар- Шолпан Шақабаева

АҚТАУ. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат. /Жетібай Шаханұлы/-Маңғыстау облысы үшін тұрғындарын бір түгендеудің қажеттілігі әлдеқашан туған.
None
None
Өйткені, республикамыздағы көші-қон ағынының ең көп үлесі өндірісті өңірге де тиесілі. Әсіресе, жаңадан ашылған Мұнайлы ауданы халқының саны туралы нақты деректер жоқ. Оның әлеуметтік-экономикалық салдары да жергілікті биліктің жұмысына көлеңке түсіріп тұр. Халық санағы қарсаңында осы және өзге де маңызды жайттардың басын ашып, мәнін білмекке, Ұлттық науқанды жүргізуге бірден бір құзіретті ұйым ? ҚР Статистика Агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Шолпан Шақабаевамен сұхбаттасқан едік. -Шолпан Рзақызы, Маңғыстау облысы алдағы Халық санағынан не күтеді? - 1999 жылы жүргізілген бірінші Ұлттық санақ қорытындысымен салыстырғанда, Маңғыстау облысындағы халық саны былтырғы қараша айында тіркеушілердің алдын-ала түгендеуі бойынша 42 пайызға артқан. Дәл қазіргі уақытта біз биыл өтетін Халық санағында бұл көрсеткіш одан да көп болуы мүмкін деп күтіп отырмыз. Егер, тіркеушілердің мәліметі бойынша облыс халқының саны шамамен 447 мың адам болған болса, болжам бойынша, алдағы санақ қортындысында бұл сан 500 мыңнан да асып түсуі мүмкін. - Мұнайлы ауданындағы ахуал да Сіздердің назарыңызда болар. Осы мәселеге алдағы санақ нүкте қоя ма? - Өздеріңіз білетіндей, Елбасымыздың жарлығымен біздің облыста 2007 жылы Мұнайлы атты жаңа аудан құрылған болатын. Сол уақыттан бері бізде осы ауданның халқының саны жөнінен әртүрлі деректер келтіріліп жүр. Олар өз күштерімен - дәрігерлері, мұғалімдері өз бетінше санақ жүргізген болатын. Сол мәліметтері бойынша, аудан халқының саны 80 000 деп көрсетілді. Ал біздің статистикалық ақпарат бойынша Мұнайлы ауданында 58 мыңдай халық бар. Өйткені, аудан мен ауыл әкімдеріне 80 мың халықты нақтылайтын мәлімет беруін өтініп, сұрау салғанымызда, олар халқының санын алпыс мыңға да жеткізе алмады. Бұл барлық тіркеу қызметі түрлері бойынша тіркеуден өткен, осы ауданда тұратын тұрғындардың саны. Соның ішінде, көші-қон қызметінен өткендер де бар. Менің ойымша, мұндағы статистикалық мәліметтерде «көрінбей» қалып отырған артық 20 мыңнан астам адам осы көші-қонның тіркеуінен өтпегендер сияқты. Тіпті, ешқандай да тіркеуден өтпей, өз беттерінше көшіп келіп, біздің облыс аумағында өмір сүріп жатқандар. Алдағы Ұлттық науқан осы даулы мәселеге нүктесін қойып, Мұнайлы ауданы халқының санын нақтылап береді деп сенеміз. Осы мәселеге байланысты аудандағы ауыл әкімдерімен, аудан әкімімен де кездесулер өткізіп, талқылағанбыз. Олар да осы мәселенің нәтижелі шешілгеніне үлкен мүдделілік танытып отыр. Сол үшін олар осы санақ кезінде зор ынта білдіріп, біздің аудандық бөліміміздің жұмысына қызу қолдау көрсетіп жатыр. Сондағы алты ауыл бойынша көлік бөліп, полиция қызметкерін тағайындап, санаушы қызметкерлеріміздің ауданның барлық тұрғындарын қамтуына жағдай туғызып отыр. - Сіз келтіріп отырған жиырма мың адам ? аз сан емес қой. - Жоғарыда айтқанымдай, ол адамдар біздің еліміздің аумағына қандай да болмасын жолдармен өтіп, осында тұрып жатқандар. Мысалы, уақытша күнкөріс қамымен жұмыс іздеп келгендер болуы мүмкін. Бірақ осында тұрақты тұруға қалып қойған. Кейіннен отбасын, ағайын-тумасын да көшіріп әкелгендер болуы мүмкін. Бірақ ол адамдардың ешқайсысы да көші-қон қызметінің тіркеуінен өтпеген. Яки, Қазақстан Республикасының азаматтары емес. Енді халық санағынан кейін «егер, елімізге келген кім де кім он екі айдан көп уақыт тұрып жатқан болса, олар тұрақты тұрғындар» болып саналмақ. Өйткені, мен мұнда уақытша табыс табу үшін келдім дейтіндердің барлығы да, бірнеше жылдан бері жүргендер. Олар мұнда сауда жасап, қара жұмыс істеп, такси қызметін көрсетіп, ауылдарына барып-келіп қатынап жүргендер. Сондықтан, біз оларды санақ кезіндегі анкетада «тұрақты тұрғын» деп көрсететін боламыз. - Бұл ахуал өңірдің, еліміздің әлеуметтік макроэкономикалық көрсеткіштеріндегі теріс үдеріске ықпал етуі мүмкін бе? Жалпы статист маман ретінде не айтар едіңіз? - Әрине, мысалға алайық, Мұнайлы ауданында біздің мәлімет бойынша 58 мың халық, ал шын мәнінде 80 мың адам тұрып жатыр делік. Осы статистикаға ілінбей қалған 20 мың контингент жергілікті денсаулық сақтау саласының, білім беру саласының қызметін пайдаланып отыр. Олар да дәрігерге қаралады, балалары мектепке барады. Аурудың көрсеткіштері бойынша Мұнайлы ауданы облыс көлемінде бірінші орында тұратындығының бір себебі осында. Халық саны нақты еместігінен мектептердегі бала саны шектен тыс көп. Кей ретте үш ауысымнан оқытуға да мәжбүр. Ана мен бала өлімінің көрсеткіштерінде де осы көзге көрінбейтін контингенттің үлесін есептен шығарып тастай алмайсыз. Халық саны нақты болмағандықтан, ауданда қанша аурухана, мектеп қажет, жалпы әлеуметтік мұқтаждықтар туралы білу мүмкін емес. Сондай-ақ бұл адамдар өңірдің азық-түлік рыногының ресурсына ортақтасып, оның тапшылық нүктесін анықтауда да қиындықтар туып отыр деуге болады. Мәселен, халық саны нақты болмағандықтан өңірге онсыз да 80 пайыз сырттан әкелінетін азық-түліктің белгілі бір уақытта қанша көлемде әкеліну керектігінің есебі жолға қойылмаған. Соның салдарынан азық-түлік тапшылығы сезіле бастағанда, ол бағаның өсуіне жедел әсер етеді. Бұл мәселенің ұшығын азық-түлік қауіпсіздігіне әкеліп тіресе де болады. Сондықтан да халық санағы дегеніміз, жаңағы айтқанымдай, тек қана әлеуметтік емес, саяси да маңызды астары бар құбылыс. Халық санағы баршамызға қатысты. Ол лауазымды әкімдерден бастап, үлкен өмірге жолдама алған студенттерге дейін керек. - Тұрғындар санындағы сәйкессіздік тағы қай аудандарда кездеседі? - Тұрғын саны бойынша ауытқушылықтар Бейнеу ауданында, Ақтау, Жаңаөзен қалаларында қалыптасып отыр. Сондықтан да, алдағы санақтан күтеріміз көп. - Жаңа ана мен бала өлімі туралы да айтып қалдыңыз. Санақ бұл төңіректегі мәселенің де оң шешілуіне септігін тигізетін болар? - Өкінішке қарай, біздің Маңғыстау облысы ана мен бала өлімі санынан бірінші орында тұр. Бұл жерде ұрпақ жалғастыру жауапкершілігі бәріне де ортақ болғандықтан, әрбір отбасы, әрбір ана оған мұқият қарауы қажет. Статистикалық мәліметтерге ақпарат жинағанда, ана мен бала өлімінің негізгі себептерінің бірі әйелдердің жүкті кезінде дұрыс күтінбейтіндігі, яки перинаталды кезеңдегі патологиялар басым болып жатады. Және көп ретте ол тұрмысы нашар, жағдайы төмен отбасыларға тән. Ал жаңа мен сөз етіп отырған 20 мыңдық контингенттің көпшілігінде тұрмыстық жағдайлары жақсы деп айта алмаймын. Кез-келген жерді пана етіп, өлместің қамын кешіп жүрген отбасылардың ең ақыры қарапайым гигиеналық талаптарды сақтауға да мүмкіндігі жоқ болып жатады. Қарақалпақстан, Өзбекстан республикаларынан келген бұл адамдар еліміздің азаматтары болмағандықтан, олардың аяғы ауыр әйелдері уақытында тіркеуге алынып, дәрігердің тұрақты бақылауына тұрмайды. Құжаттай негізде жоқ болғандықтан, оны жүзеге асыру да көп ретте қиындық туғызып жатады. Әйтсе де, осының бәріне қарамастан, ауданның денсаулықты үйлестіру бөлімі өз күштерімен Республикамыздың азаматы болып табылмайтын болса да, жүкті әйелдерді үй-үйді аралап жүріп іздеп тауып, қадағалауына алуда. Ал бұл шаралар үшін, шынына келгенде бюджеттен ақша қарастырылмаған. Түптеп келгенде, осы жағдайлар Маңғыстау облысының ана мен бала өлімі бойынша 1-ші орынға шығуына алып келіп отыр. - Санаққа толық екендеріңізді жариялап та үлгердіңіздер. Қазіргі жұмыстарыңыздың басым бағыты ақпараттық-насихаттық жұмыстарға және санақшы мамандарды оқытуға арналғанын көріп те отырмыз. Толығырақ мәлімет бере кетсеңіз? - ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 28 қарашадағы № 1138 Қаулысын орындау мақсатында Маңғыстау облысында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Осы уақытқа дейін облыстық және аудандық /қалалық/ халық санағына жәрдемдесу комиссиялары жұмыс жасап келеді. Облыстық комиссиялардың мүшелері қалалар мен аудандарға, ал аудандық және қалалық комиссия мүшелері селолық округтерге бекітілген. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ө.Е.Шөкеевтің 2008 жылғы 17 сәуірдегі жүргізген мәжілісінде №22-5/005-1256-шы және облыстық халық санағына жәрдемдесу комиссиясының 2008 жылғы 28 сәуірдегі мәжілісінде берілген тапсырмаға сәйкес, барлық елді мекендердің схема-жоспарлары мен аудандардың схематикалық карталары дайындалды және жаңғыртылды. Осы карталармен статистика органдары қамтамасыз етілді, әкімшілік-аумақтық бірліктердің шекараларын және тізбесін нақтылау, көшелердің аттарын, кварталдардың, үйлердің, пәтерлердің нөмірлерін реттеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Қазіргі таңда барлық елді мекендердің үйлерінің (фамилиясы және тұратын адамдардың саны бойынша) және округтің орталығына дейін қашықтығы көрсетілген, уақ елді мекендердің тізімі бар. Сонымен бірге, әрбір селолық округке схема-жоспар және схема карта жасақталған. Онда ұсақ елді мекендердің селолық округке дейінгі қашықтығы мен жеке тұрған үйлер көрсетілген. Бұған қоса, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету мекемелерінің, қонақ үйлердің тізімдері алынған, ондағы орындарды көрсете отырып, соның негізінде аудандар мен қалалардағы халық санағын жүргізуді ұйымдастыру жоспарлары жасақталған және бекітілген. Өткен жылдың 10-шы желтоқсанында облыстық ұйымдастыру жоспары республикалық деңгейде бекітілді. Облыстың аумағы 47 санақтық бөлімдерге бөлінген, 381 нұсқаулық учаске, 1535 ? есептік учаске бар. Сонымен қатар, ауруханаларда, әйелдер босанатын үйлерде, қонақ үйлерде, вокзалдардағы мекемелерде және т.б. халық санағын жүргізу үшін 6 нұсқаулық учаске ұйымдастырылды. Облыс бойынша тұтас алғанда 69 есептік учаске жұмыс істеп тұр. Өңірдегі санақ кадрларына жалпы қажеттілік (резерті қосқанда) 2114 адам. Бүгінгі күні санақ кадрларын іріктеу бойынша жұмыс жүргізілуде, атап айтқанда 5-ші қаңтардан бастап жұмысқа 47 санақ бөлімдерінің меңгерушілері, 2-ші ақпаннан бастап 381 нұсқаушы-бақылаушы жұмысқа кіріссе, 16-шы ақпаннан бастап 1535 санаушы жұмысын бастады. Облыста 2009 жылғы халық санағының мақсаттары, міндеттері және маңызы туралы халық арасында көпшілік-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда аудандар мен қалаларда 22 билборд орнатылып, 7 анықтама үстелі жұмыс істейді. Облыстық телевидениеде күн сайын (күніне 9 рет) жарнама ролик көрсетіледі, 2008-2009 жыл бойына ол екі рет жаңартылды. Ал 2008 жылдың басынан бастап, күні бүгінге дейін аудандық, қалалық, облыстық газеттердің беттерінде 66 мақала және ақпарат, соның ішінде 25 мақала аудандық деңгейде жарияланды. Радио, телеарналарда насихатталып, дәрістер де оқылды. Үнпарақтар таратылды. Қазіргі уақытта тренинг-оқытулар жалғасуда, мысалы 26-шы қаңтарда аудандық /қалалық/ статистика бөлімдерінің бастықтарымен және санақ бойынша өкілетті өкілдермен, 28-29-шы қаңтарда санақ бөлімдерінің меңгерушілерімен, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, білім беру, денсаулық сақтау мекемелеріндегі, Ішкі істер департаментінің, қылмыстық-түзету комитеті басқармасы жүйесінің мекемелеріндегі, Қорғаныс істері бойынша департаменттің және ҚР ҰҚК ШҚ «Батыс» Аймақтық Басқармасының санақ бойынша жауапты қызметкерлеріне оқыту жүргізілді. Бүгіндері өзіміздің жалпы санаққа қатысатын адамдарымызды оқытып жатырмыз. Санақты жоспар бойынша бастап, аяқтау үшін ешқандай да кедергілерге тоқтамай, қандай да бір тосын өзгерістерге қамданып жатырмыз. Менің Халық санағына байланысты қысқаша айтарым осындай. - Енді осы санақ туралы түсіндірме жұмыстарыңыздан Қазақстан халқын, алыс-жақын шетелдерде жүрген отандастарымызды хабардар етіп өтсек. - Ең бірінші Халық санағының мақсатына тоқталайын. Әр он жыл сайын өтіп тұратын Ұлттық науқанның жалпы маңызы өте жоғары. Санақ қорытындысында халық саны, олардың ауыл-қалаға орналасуы, жынысы, жасы, некелік-отбасылық жағдайлары, ұлты, тіл білімі, білімі сияқты тағы да басқа оқу оқитындары, жұмыс жасайтындары, үйде отырғандары, жұмыссызы, тұрмысы, баспаналы, баспанасызы сынды көптеген көрсеткіштердің ауқымды аясы анықталмақ. Осындай маңызды мәліметтер негізінде барлық деңгейдегі мемлекеттің әлеуметтік, экономикалық, көші-қондық, білім, тіл саясатын, бизнес пен халықтың дамуын, өмір тіршілігін жоспарлау, шешім қабылдау мәселесін жетілдіруге мүмкіндік бермек. «Халық санағы - 2009» процедурасына ешқандай шегерусіз барлық Қазақстан азаматтары, сонымен қатар санақ кезінде елімізде жүрген азаматтығы жоқ азаматтар, шетел азаматтары тартылады. Елімізде тұрақты тұратын, бірақ санақ кезінде еліміздің аумағынан тыс жүрген адамдар да қамтылады. Санаушылар есепті ауызша сұрақ-жауап арқылы анкета толтыру бойынша жүргізеді. Ол әр отбасынан бір үлкен адамының айтуы бойынша толтырылады. Санаққа қатысу міндетті болып табылады. Сондықтан халықтың оған түсіністікпен қарап, белсенді қатысуын сұраймыз. Сондай-ақ, олар қойылған сұрақтарға шын жауап беруі керек. Өйткені, осында тізілетін мәліметтер ертеңгі күні жеке алғанда сол адамның өзінің, әл-ауқатын арттыруға қолданылмақ. Санақ кезінде адамдардан құжат талап етілмейді. Санақтың қорытындысы 2009 жылдың екінші жарты жылдығында жарияланады деп күтілуде. Онда тұрғындар саны тұрғылықты жері мен жынысы бойынша бөлінеді. Ол мәліметтер 2009-2010 жылдар бойы өңделіп, тиянақталып барып, халық санағы бойынша біртұтас ақпараттық базаға енгізіледі. Осы жұмыстардың нәтижесінде 2011 жылы «2009 жылғы Қазақстанның Ұлттық халық санағы» сараптамалық есебін баспа етіп шығару көзделуде. Сонымен қатар қолданбалы анықтамалықтар, баспасөз-релиздері, арнайы шығарылымдар, мақалалар тағы да басқа ақпараттық материалдар таратылмақ. Сөз соңында ел азаматтарына, тұрғындарға айтарым, санақ кезіндегі мәліметтердің барлығы да қатаң құпия түрде сақталады. Мұндағы жеке тұлғаға қатысты мәліметтер тек қана жалпылама топтастырылған статистикалық мақсатта ғана қолданылады. Біздің санақ жүргізетін мамандарымызға анкеталық ақпараттарды өзге біреулерге хабарлауға, жеткізуге қатаң тиым салынған. Ендеше, баршамыз бірдей алдағы Ұлттық маңыздағы науқан - Халық санағына атсалысайық! - Рахмет!
Соңғы жаңалықтар