Маңғыстау облысында үш айда АИТВ жұқтырған 3 адам тіркелді

АҚТАУ. 10 cәуір. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында ағымдағы жылдың үш айында ЖИТС-ті жұқтырған 3 адам тіркелді.
None
None

Бұл туралы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығының баспасөз қызметінен хабарлады.

«Облыста биылғы үш айда 3 адам АИТВ жұқпасымен тіркелді. Өкінішті жайтқа ұшырағандардың біреуі Ақтаудағы ГМ 172/1 колониясында жазасын өтеуші, екіншісі Маңғыстау облысына шет елден қоныс аударушы, үшіншісі-нашақор. Осылайша, облыста 1994 жылдан бері АИТВ жұқпасымен тіркелгендер саны 112-ге жетіп отыр. Қамауда жатқан және сотталғандар АИТВ жұқпасына түзету мекемелеріне түскен кезде, 6 айдан кейін, түзету мекемесінен шығарда және өз еркімен тексеріледі»,-дейді орталық директорының орынбасары Ақнұр Тасболатова.

Маңғыстау облысы АИТВ жұқпасына шалдығу жөнінен елімізде ең соңғы орындардың бірінде, яғни Қызылорда облысының ғана алдында тұр. Мұндағы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықта алдын алу жұмыстары дұрыс жолға қойылған. Материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Өткен жылдың аяғында орталықтың 1995 жылы салынған 3 қабатты ғимараты екінші рет күрделі жөндеуден өткізілді. Оған 52 миллион 802 мың теңге жұмсалды.

Облыс орталығында сенім бекеті мен психологиялық кеңес кабинеті жұмыс істеп тұр. Оның есігі келем деушілер үшін ашық. Әсіресе, АИТВ жұқтыруға бейім осал топтар, яғни нашақорлар мен тәнін саудаға салатын әйелдер аталмыш кабинет көмегін пайдаланып, шприцтермен, басқа да қажетті заттармен тегін қамтылады. Орталықта сенім пункті де бар.

«Сондай-ақ, шет елдерден келетіндер, жүкті әйелдер мен өзге де азаматтар медициналық тексеруден өткен кезде ЖИТС-тен тексеріледі. Бүгінге дейін бізде АИТВ жұқпасымен тіркелген жүкті әйелдер болды, мұндай жұқпамен 3 сәби есепте тұр. Қазір АИТВ-мен жаңадан тіркелген аяғы ауыр әйел жоқ. АИТВ жұқпасы барлар туберкулездің алдын алу емдерін, бірнеше адам вирусқа қарсы препараттарды қабылдап жатыр»,- дейді Ақнұр Тасболатова.

Биылғы наурыз айында облыстық жастар орталығынан сенім пункті мен достық кабинетін ашу үшін екі бөлме бөлінді.

Соңғы жаңалықтар