Маңғыстау облысында зейнеткер есепке алынбаған еңбек өтілін сот шешімімен қостырды

«Б.Красильниковке зейнет жасына толуына байланысты 2015 жылдың желтоқсанында зейнетақы тағайындалған. Зейнетақы тағайындау туралы өтінішті қарау барысында Б.Красильниковтің серіктестікте 1993 жылдың сәуір айынан 1996 жылдың желтоқсан айы аралығында істеген мерзімі есептелмеген», делінген хабарламада.
Б.Красильников Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотына жүгініп, талап арызында «ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Зейнетақы төлеу бойынша мемлекеттік орталығы» РМКК-на «Бгатов и компания ВИРА» коммандиттік серіктестігінде істеген мерзімін еңбек өтіліне қосуға міндеттеуді сұраған.
Осы ретте арызданушы өзінің еңбек өтілін еңбек кітапшасындағы жазбалармен және серіктестіктің мұрағаттық анықтамасымен растап берген. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру» туралы заңының 14-бабының 3-тармағында осы Заңның 13-бабының 1-тармағы 5) және 17) тармақшаларына сәйкес қызметті жүзеге асырған азаматтардың еңбек өтілі Қазақстанның Зейнетақы қорына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жүзеге асырылған сақтандыру жарналарын төлегені туралы құжаттармен расталады делінген (Заңның осы талабы 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап алынып тасталды).
Сот жауапкерді Б.Красильниковтің аталған серіктестіктегі 1993 жылдың сәуір айынан 1996 жылдың желтоқсан айы аралығындағы атқарған жұмысының еңбек өтілін есептеуге міндеттей отырып, оның арызын қанағаттандырды. Арызданушының пайдасына сот шығындары да өндірілді.
Шешім заңды күшіне енген жоқ .