10:22, 03 Қазан 2013 | GMT +5
Маңғыстау облысында жер теліміне байланысты былықтың беті ашылды
АСТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат - Облыстық жер қатынастары басқармасының қызметкерлері жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер алуға кезекке тұрған азаматтар тізіміне тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 157 мың арыз иесінің 30%-ына осыған дейін жер телімінің беріліп қойғандығы белгілі болды.

Яғни, 30 мың тұрғын мемлекеттен екінші рет жер телімін алып қалғысы келген. Олар бұл арам ойларын жүзеге асыру үшін өңірдегі басқа аудандарға барып, тіркеуге тұрған. «Бірнеше азаматтың екі мәрте жер алғандығы туралы ақпарат бар. Қазір арнайы құрылған комиссия бұл жағдайдың ақ-қарасын анықтауға кірісті», - дейді басқарма басшысы. Жалпы, бүгінге дейін Маңғыстау облысында 70 мың адам баспана салу үшін жер телімін алған. Алайда оның 20 мыңдайы ғана алған жеріне үй тұрғызған. Ал қалған азаматтар берілген жер учаскесіне құрылыс жүргізбейтін болса, ол жерлер мемлекетке кері қайтарылады, деп хабарлады 24.kz.