Маңғыстау облысындағы Қаражамбас кен орнында мұнайшыларға арналған вахталық кент пен өндірістік база құрылысы басталды - «ҚазМұнайГаз»

АСТАНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат - «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы бүгін Маңғыстау облысындағы Қаражамбас кен орнында мұнайшыларға арналған вахталық кент пен өндірістік база құрылысын бастады.
None
None

Бүгін «ҚазМұнайГаз» компаниясы басшылығының, ардагер мұнайшылардың қатысуымен өндірістік құрылыс нысандарының алғашқы іргетасы қаланды. Бұл жоба жаңадан құрылған технологиялық көлік және ұңғымаларға қызмет көрсету басқармасы жұмысшыларын әлеуметтік-тұрмыстық еңбек жағдайымен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып отыр.

Қаражамбас кен орнындағы вахталық кент құрылысы 400 орындық жатақхана мен 300 орындық асхана, монша және кір жуатын кешен, спорт залы құрылысын және сол аумақты көріктендіру жұмыстарын қамтиды.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның бас директоры Алик Айдарбаевтың айтуынша, жобаның құны 2 млрд. теңгеден астам қаражатты құрап отыр. Құрылыс жұмыстары 2012 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Қаражамбас кен орнындағы 250 дана арнаулы техникаға арналған өндірістік база құрылысы кеңсе, асхана, өткізу-бақылау пункті, медициналық бөлімше, инженерлік желі, диспечерлік пункт, техниканы жөндеу цехы, автокөліктерге диагностика жасау цехы, автобөлшектер қоймасы, жанар-жағармай сақтау қоймасы, автокөлік жуу, техникаға 2 жылы гараж сияқты нысандардың құрылысын қамтиды.  Жоба құны 4,4 млрд. теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарының бірінші кезеңі 2012 жылдың соңында, ал екінші кезеңі 2013 жылдың мамыр айында аяқталады деп күтілуде.

«Компания 2012 жылы Өзен кен орнында өндірістік процестерді жаңғырту бойынша бірқатар жобаларды іске асыруды бастағалы отыр. Бұл аталған кенішті игерудегі тиімділікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті көтеруге мүмкіндік береді. Оның ішінде 2012-2013 жылдардың жоспары мен жерасты жабдықтарының диагностикасы және жөндеуі бойынша 2 цехтың ұңғымаларды тұншықтыру үшін сұйықтық дайындау бойынша 2 түйіннің, сондай-ақ арнайы техника үшін сервистік орталықтың құрылысы көзделген», - деп хабарлады «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның баспасөз хатшысы Бақдәулет Төлеген.

Соңғы жаңалықтар