Маңғыстау облысының әкімі түлектерге Елбасы идеялары мен бастамаларының лайықты жалғастырушылары болуына тілек білдірді

«Сіздер 11 жыл бойы күткен сәт басталды. Бұл ерекше, қайталанбайтын мереке, өздеріңіздің сүйікті ұстаздарыңызбен қоштасатын кез келді. Еліміздің және аймағымыздың болашағы сіздердің қолдарыңызда, сондықтан да жауапкершілік жүгі үлкен. Сіздердің бәріңізге Елбасының ілгерішіл идеялары мен бастамаларының лайықты жалғастырушылары болуларыңызға тілектестігімді білдіремін», - деп атап өтті Алик Айдарбаев.
1997 жылы іргесі қаланған мектеп-интернатты биыл 16-шы мектеп түлектері бітіргелі отыр. Биылғы оқу жылы мектептен 85 оқушы түлеп ұшпақ, олардың үшеуі «Алтын белгіге» үміткер.
Мектеп-интернат оқушылары бірнеше мәрте халықаралық жарыстарға қатысты, 14-і - алтын және күміс медальдардың иегері. ҚР білім және ғылым министрлігі комиссиясының шешімімен олар ҰБТ тапсырудан босатылды.
«Бізде 47 мұғалім еңбек етеді, олардың бәрі дерлік жоғары атақтарға ие болған, жартысының жоғары санаттары бар. Біздің түлектеріміздің көрсеткіштері - олардың еңбегіне берілген жоғары баға. Мектебіміз түлектерінің 70 пайызы Қазақстанның жоғары оқу орындарының гранттарын иеленді. Біздің оқушыларымыз АҚШ-та, Канадада, Англияда, Сингапурда, Польшада, Чехияда білім алуда», - деді дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың директоры Рысты Нұрбосынова.