Маңғыстау облысының әкімі жұртшылықты ҚР Конституциясы күнімен құттықтады

«Қадірлі маңғыстаулықтар! Кешегі тарихтан тамыр алған, ертеңгі тарихқа тұғыр болған Қазақстанның мерейлі мерекесі - Конституция күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Азат елдің ар-намысындай болған Ата Заңымыз қазақтың ұлан-байтақ даласының кеңдігін де, елінің ерлігі мен өрлігін де бойына сыйғызды.Сондықтан еліміздің әрбір азаматы Конституцияны елдігіміздің киелі кітабы, қастерлі құжаты деп қабылдайды.
«Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп басталатын Конституциядағы осы сөздердің мазмұнында жаңа әділетті қоғам орнатуды арман тұтқан мыңдаған ұрпақтың сан ғасырлық мұраты жатыр. Ата Заңымыздың арқасында еліміздің іргесі бекіді, халқымыздың татулығы мен тұрақтылығы нығайды. Бейбітшілік пен келісімнің, тұрақтылық пен тұтастықтың үлгісін көрсетіп, Қазақстан жүздеген ұлт өкілдерінің аяулы атамекеніне айналды. Ең бастысы, халықтың әл-ауқаты артып, тұрмысы түзелді. Осының бәрі Мемлекет басшысы белгілеген еліміздің саяси бағытының дұрыстығының нәтижесінде, Ата Заңымыздың арқасында болып отыр. Ата Заңның қасиеті мен ғибраты ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берсін!» делінген құттықтауда. «Қадірлі жерлестер! Барша халықтың мерекесі, біздің елдігіміздің тұғыры, тәуелсіздігіміздің тірегі - Ата Заңымыз мәңгілік болсын! Конституция күні құтты болсын! Сіздерге зор денсаулық, бақыт пен табыс, әрбір шаңыраққа құт-береке тілеймін!» - деп ізгі тілегін білдірді аймақ басшысы А.Айдарбаев.