15:30, 19 Ақпан 2009 | GMT +5
Маңғыстау өңірінде азық-түлік тағамдарының бағасы көтерілді
АҚТАУ. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Маңғыстау облысының тұтыну рыногында биылғы жылдың қаңтарында тауар және қызмет бағалары алдыңғы аймен салыстырғанда 0,5 пайыз өскен.
Ай ішінде азық-түлік тауарларына баға өсімі - 0,7 пайыз, қызметке баға 1,1 пайызды құрады. Азық-түлік емес тауарларға баға 0,1 пайыз кеміді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық статистика департаментіне сілтеме жасап.Азық-түлік тағамдары тұтас алғанда 1 айдың ішінде 0,3 пайыз қымбаттады. Оның ішінде баға жеміс-жидектерге - 3,7 пайыз, көкөністерге - 2,9, ірімшік пен сүзбеге 1,7 пайыз көбейгені байқалды. Көкөністерден; қиярға баға - 12,5, пиязға - 6,1, сәбізге - 0,3, қырыққабатқа - 3,3 және қызылшаға 2,9 пайыз артқан.Темекі өнімдерінің бағасы - 4,8, алкогольді сусындардың бағасы 3,4 пайыз жоғарылады. Ал күнбағыс майына бағаның - 4,1, жұмыртқаға 3,9 пайыз кемігені байқалды. 2009 жылдың қаңтарында негізгі тоғыз тағам өнімдерінен тұратын азық-түлік жиынтығының (бір килә сиыр етінің, сары майдың, бидай нанының, өсімдік майының, қанттың, картоптың, қырыққабаттың, бір литр сүт пен он жұмыртқаның) құны Батыс Қазақстан облыстары бойынша мынандай болды: Ақтау мен Атырауда ? 2710 және 2484 теңге, Ақтөбе мен Орал қалаларында тиісінше 1950 және 2004 теңге болды.