10:25, 20 Қараша 2022 | GMT +5
Маңғыстау өңірінде сайлаудың алғашқы сағаттарында 16 сәби дүниеге келді
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Маңғыстау облысында сайлаудың алғашқы сағаттарында 16 нәресте дүниеге келді. Оның бесеуі - ұл және он бірі - қыз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Статистикаға сүйенсек, соңғы жылдары облыста ұлдар көп дүниеге келген.
Ал бүгін қыздар саны екі есе көп. Алайда перинаталды орталық мамандары күн батқанша жағдай әлі де өзгеруі мүмкін деп отыр. Себебі, бұл сағат 00:00-ден 08:30-ға дейінгі деректер.
Айта кетейік, перзентханадағы жас аналар да кезектен тыс президент сайлауына қатыса алады.
Облыста барлығы 8 аумақтық сайлау комиссиясы және 243 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Облыс орталығы – Ақтау қаласында 83 сайлау учаскесі орналасқан. Өңірдегі электорат саны – 411 103 адам. Тұрғылықты тіркеуі жоқ азаматтар үшін 5 дауыс беру учаскесі ашылды.