04:21, 21 Қаңтар 2015 | GMT +5
Маңғыстау өңіріндегі 7 компания мұнай кәсіпорындарында жұмыс орындарының сақталуына қатысты меморандум жасасты
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында мұнай өндіретін жеті кәсіпорын: «ММГ» АҚ, «Oil Construction Company» ЖШС, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Oil Services Company» ЖШС, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Бузачи Оперейтинг ЛТД», «Ойл Транспорт Корпорейшн» ЖШС Маңғыстау облысының әкімдігімен, облыстық кәсіподақтар кеңесімен және кәсіпкерлер палатасымен жұмысшылардың еңбек құқықтарын және кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
«Мұнай нарығындағы жағдайды ескере отырып, бұл меморандум үйлесімді әрекет жасап, жұмыс орындарының қысқартылуы мен еңбекақының төмендеуін болдырмау үшін қажет болды», - деді Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев құжатқа қол қойылар алдында. Меморандум баптарында еңбек үдерісіне қатысатын барлық тараптардың мүдделері барынша ескерілген. Мәселен, жұмыс беруші кәсіпорынның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндеттелсе, кәсіподақ еңбек және өндірістік тәртіптің, еңбек заңының сақталуын қадағалайды. Әкімдік жұмыскерлердің кәсіптік оқытылуына ықпал етуге міндеттеледі. Ал кәсіпкерлер палатасы кеңес беріп, дау-дамайлар туындаған жағдайда келіссөздер жүргізуге жәрдемдеседі. Меморандум 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды.