Маңғыстау өңіріндегі ірі мұнай кәсіпорындары өз жұмысшылары алдындағы міндеттемелерінен бас тартпайтындарын білдірді

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевтың төрағалығымен аймақтағы мұнай өндіретін және басқа да кәсіпорындар басшылары қатысқан кеңес болып өтті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.

- Өткен жылдан бері әлем нарығында мұнай бағасының ұдайы төмендеуі байқалып келеді. Бұл аймақтағы мұнай өндіретін кәсіпорындардың қызметіне өз әсерін тигізуде. Сондықтан облыс кәсіпорындарының жұмысының тұрақтылығын сақтап қалу маңызды. Бірінші кезекте сөз жұмыс орындарын сақтап қалу, жұмысшылар санын қысқарту мен еңбекақыны азайтуды болдырмау туралы болып отыр. Біз барлық кәсіпорындарда тұрақтылықты қамтамасыз ету шараларын қолға алуға тиіспіз. Бұл міндет кәсіпорын басшыларының да, кәсіподақ ұйымдары төрағаларының да алдына қойылып отыр, - деді Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев. Жиын барысында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «ӨзенМұнайГаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ және «БузачиОперейтинг ЛТД» компаниясы филиалының басшылығы 2015 жылы жүзеге асыруды көздеген өндірістік жоспарларымен бөлісті. Аймақ басшысы қысқа уақыт ішінде жұмысшылардың еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету бойынша облыс әкімдігі, облыстық кәсіподақтар кеңесі, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалы және кәсіпорындар басшылары арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды ұсынды. Кәсіпорындардағы еңбек ұжымдарында тұрақтылықты қамтамасыз ету, жұмыс орындарын сақтап қалу, жұмысшылардың негізсіз жұмыстан жаппай шығарылуының алдын алу мақсатында бұл құжатқа қол қойған барлық тараптар ҚР заңдарында қарастырылған шараларды жүзеге асыру арқылы әлеуметтік салдарды барынша азайту бойынша барлық шараларды қолға алады. Құжатқа 20 қаңтарда қол қойылмақ.

Соңғы жаңалықтар
telegram