«Маңғыстау жұлдыздары» фестивалінде бас жүлдені жаңаөзендік өнерпаздар еншіледі

Өнерпаздар фестиваліне облыстың түкпір түкпірінен 1500-ге жуық өнерпаздар қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Ауыл-елден бастау алған аталмыш өнер додасы аудандар мен қалаларда жалғасып, оған көптеген өнер ұжымдары атсалысқан болатын.
Өнердің сегіз жанры бойынша өткен сайыстың қорытындысы бойынша аудан және қалаларға арнайы жүлделер берілді. Атап айтқанда, бас жүлдені мұнайшылар қаласы - Жаңаөзендік өнерпаздар еншіледі.
«Біз өте қуаныштымыз! Үлкен дайындықтың арқасында бас жүлдені жеңіп алдық. Төккен тер зая кетпеді. Біздің өнер ұжымы былтыр екінші орыннан көрінген еді. Осы жолы өнер байқауында талантты әнші қызымыз Жадыра Қоңырова «Бір тамаша ән үшін» әнін гитара мен қобыздың сүйемелдеуімен орындап шықты. Италия классикасынан «Виво Перле» әнін Бақтылы Күлебаева мен Дәурен Ашықов қос дауысты көрермен қауымға тарту етті. «Жанар-ай» би ансамблі (жетекшісі - Жанар Бесбаева) «Халықтар достығы» компазициясын сахнаға әдемі алып шықты. «Қазақстан» әнін Ғабит Бермағамбетов жоғары деңгейде орындады», - дейді бас жүлдені иеленген «Өнер» МКҚК директоры Марат Аманбаев.
Ал «Нұр Отан» ХДП МОФ-ның дайындаған арнайы жүлдесіне Ақтау қаласының өнерпаздары лайық деп танылды. Жеңімпаз атанған қос қала да автокөлік мінді.
«Бұл автокөліктер өнер саласы қызметкерлерінің игілігіне пайдаланылса екен дейміз. Беріліп жатқан автокөліктердің ішінде өнер сүйер қауымның өкілдері жүрсе, басқа салаға кетіп қалмаса екен деген өтінішіміз бар», - деді жеңімпаздарды марапаттаған облыс әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев.
Сайысқа қатысқан өзге де өнер ұжымдары жүлдесіз қалған жоқ. Мәселен, Н. Тілендиев атындағы жүлдемен Бейнеу ауданының, А. Жұбанов атындағы жүлдемен Мұнайлы ауданының, М. Өскінбаев атындағы жүлдемен Қарағия ауданының, Қ. Ерназарұлы атындағы жүлдемен Маңғыстау ауданыны, Е. Айшуақұлы атындағы жүлдемен Түпқараған ауданының өнер ұжымдары марапатталды.
«Мамырдың мамыражай мерекелерінен кейін жалғасын тауып «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалінің марапаттау сәтінде қауышып отырмыз. Осыдан жеті жыл бұрын бастау алған өнер фестивалі бүгінгі таңда Маңғыстау өнерпаздарының облыстық чемпионатына айналды десек те болады. Бұл өнер додасы жыл өткен сайын тартысты өтеді. Қашанда талап пен талант ұштаспай ұлттық өнерге деген биік талғам болмайды. Сол себептен өнерпаздар озық парасат иелері болыңыздар! Өнерлеріңіз ойлы, терең болғай. Жылдан жылға «Маңғыстау жұлдыздарының» жұлдызы жана берсін!», - деді облыс әкімінің орынбасары Қаныбек Бекболатұлы.