Маңғыстауда аграрлық секторды экономиканың негізгі күшіне айналдыру жолдары сараланды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін облыстық әкімдікте аймақ басшысының қатысуымен өткен жиында түрлі мәселелер қаралып, маңызды ұсыныстар айтылды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алдымен ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауды жетілдіру жөніндегі шаралар мен кооперативтер құру туралы ақпаратпен осы саланың басқарма басшысының міндетін атқарушы Серік Қалдығұл баяндама жасады. Ол өңірде аграрлық секторды дамытып, экономиканың негізгі күшіне айналдыру - басты мақсат екенін атап өтті. Сондықтан мемлекет жан-жақты қолдау көрсетуде. Мәселен, ҚР Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде жергілікті бюджеттен асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, өнімділік пен сапаны арттыруға 80,3 млн теңге, егін шаруашылығын дамытуға  181 млн теңге бөлінген. Қаражатты инвестициялық субсидиялау бойынша облыстағы фермерлердің басым көпшілігі жайылымдарды суландыру инфрақұрылымдарын құру және мал өсіруші шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету бойынша өтініштер берген. Себебі, Маңғыстауда бірде-бір жер үсті су көзі жоқ. Шаруалар құдық қазып, малын суғарады. Сондықтан сұраныс осыған басым. Мәселен, 2017 жылы 42 ұңғыма қазылған. Оның 20-сы мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаумен пайдаға жарапты.

Облыста, осы жылы 14 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған.Атап айтсақ, Жаңаөзенде - 1, Бейнеу ауданы - 4, Қарақия ауданы - 2, Маңғыстау ауданы - 4, Мұнайлы ауданы - 2, Түпқараған ауданы - 1. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы кооперативтері 2017 жылдың 10 айында 44,7 тонна ет, 56 тонна сүт, 201 тонна көкөніс өндірген. Бұл жақсы өсім,-  деді Серік Қалдығұл.

Күн тәртібінде талқыға түскен тағы бір мәселе - денсаулық сақтау саласын цифрландыру бағдарламасы. Жоба халықтың өмір сүру жасын ұзарту мен денсаулық сақтау саласын ілгерілетуді көздейді. Сондықтан бағдарламаның мақсатымен осы саланың басқарма басшысының міндетін атқарушы Клара Оралбаева таныстырды. Айтуынша, бағдарламаның басты мақсаты - халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету. Жоба аясында барлық денсаулық сақтау ұйымдарында бірыңғай ақпараттық жүйе енгізіліп, дәрігерлер мен орта деңгейдегі мамандар компьютерлік техникамен толықтай қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ, барлығына бірдей ғаламторға кіру мүмкіндігі беріледі. Осыған орай, емханалардағы кезекке тұру мәселесі шешіліп, халықпен тығыз байланыс орнатылады. Цифрландыру 2018 жылдан бастап қолға алынбақ,-деді Клара Оралбаева.

«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасын облыстық әділет департаментінің басшысы Руслан Балғазин айтты. Бұл заң жобасы кешенді  және мемлекетпен кепілдендірілген заң көмегі туралы нормалармен, сонымен қатар жеке кәсіп етуші заңгерлер туралы нормалармен байытылған. Жоба аясында түйткілді мәселелер де сарапталған. Оны шешу үшін келесі шаралар көзделеді. Алдымен, заң жобасында «заң кеңесшісі» деп аталатын жеке кәсіп етуші заңгерлердің қызметін палатаға біріктіру арқылы регламенттеу. Екіншіден, шетел тәжірибелерін негізге ала отырып, қаржы жағдайы қиын азаматтарға кешенді әлеуметтік probono деп аталатын заң көмегін көрсетуді енгізу. Адвокаттардың біліктілігін жоғарылату. Егер, сапасыз көмек көрсеткен жағдайда оларды жауапқа тарту. Заң жобасының қабылдануы халыққа білікті мамандармен қолжетімді және сапалы заң көмегін көрсетуді қамтамасыз етеді.

Аппараттық жиын соңында өңір басшысы бірқатар басқарма басшыларына нақты тапсырма берді.

Соңғы жаңалықтар