Маңғыстауда Амал мерекесі қалай тойланады

АҚТАУ. ҚазАқпарат - 14 наурыз – Амал мерекесіне орай Маңғыстау облысының аумағында 30-дан аса мәдени және спорттық іс-шара ұйымдастырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

13 наурыз күні Әбіш Кекілбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі алаңында «Амал – Алашқа ортақ мереке» мәдени көпшілік шарасы, Маңғыстау ауданындағы «Қарашаңырақ» алаңында «Астана сазы» фольклорлық ансамблінің концерті мен Қарақалпақстанның халық жырауы Жеңісбек Пиязовтың кеші өтеді.

Сонымен қатар 13 наурызда Отпантау тарихи мәдени кешенінде спорттық іс-шаралар да ұйымдастырылады.

Оның ішінде ат шеруі, «Ошақ бәйге», «Қазақ күресі», «Көкпар», «Аударыспақ» жарыстары бар.




Ал, 14 наурыз күні тазы жүгірту, бүркіт салу, тай жарыс, құнан бәйге мен аламан бәйгесі өтеді.

«Жоспарланған іс-шаралар аясында тұсау кесу рәсімі, театрландырған қойылымдар, «Сәлем – сөздің атасы» мерекелік шарасы мен «Қара қазаннан дәм тату» мәдени-көпшілік шарасы болады. Бұл іс-шаралардың бәрі «Қарашаңырақ» алаңында өтеді», - деді Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Әсем Әшірова.




Сондай-ақ, мереке аясында облыста Адай Ата рухына құран бағышталып, ас беріліп, құранды жатқа оқудан қарилар арасында облыстық деңгейдегі жарыс өткізу көзделіп отыр.

«Амал мерекесін тойлау тек концерттік бағдарламамен шектелмейді. 13 наурызда қонақ ретінде арнайы Түркия, Әзербайжан ғалымдарын шақырттық. Оның ішінде еліміздің де белгілі ғалымдары бар. Қонақтарды Отпантау тарихи-мәдени кешенінде қарсы алып, «Ұлыстың ұлы күні: тарих тағылымы мен жаңа көзқарастар» дөңгелек үстелін өткізу мен «Бірлік отын» жағу жоспарланып отыр», - деді Әсем Әшірова.