17:35, 06 Қаңтар 2009 | GMT +5
Маңғыстауда аңшыларды электронды жүйеге тіркеу жалғасуда
АҚТАУ. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Маңғыстау облысында бүгінде аң аулауға рұқсат алған 2538 аңшы тіркеуде тұр.
Бірақ олардың барлығы бірдей аңшылықпен айналысып жүргендігі туралы мәлімет жоқ. Сондықтан да осы тізімді бір нақтылап, компьютердегі «Аңшы» автоматтандырылған жүйесіне түсіру үшін ақпарат құралдарында хабарландыру беріліп, аңшылардың 31-ші желтоқсанға дейін келіп тіркелуі сұралған болатын. Аталған мерзімде небары 17 аңшы келіп тіркелгендіктен, тіркелу уақыты қаңтар айының соңына дейін ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық орман, аң шаруашылығы аумақтық инспекциясына сілтеме жасап. «Аңшыларға рұқсат беру құзыреті біздің қызметімізге өткен. 2005 жылдың шілде айына дейін тек аты-жөнін журналға тіркегендер мүшелікке өтті деп есептелген. Сол уақыттан бері біз электронды жүйеге көшіп, аң аулаушыларға рұқсат беру үшін 5-6 құжат жинатып, жылына бір мемлекеттік алым төлеттіріп отырмыз. Аң, құс санына да шектеу қоямыз. Бірақ тіркеудегі екі мыңнан астам аңшының әлі күнге дейін хабарласпағандары бар. Сондықтан олардың бұл кәсіпті біржолата қойғандығын, жалпы бұл өмірде бар-жоғын білу үшін қайта түгендеу жүргізіп жатырмыз. Қорытындысын ақпан айының алғашқы аптасында шығарамыз»,-дейді инспекцияның бас маманы Бимамбет Әлиев. Аңшыларды электронды жүйеге тіркеудің артықшылығы ? олардың белгіленген мерзімде тапсыратын есебінің тұрақты жүргізілуін сақтап, жұмыстың жеделдігіне септік етпек. Ауланатын аң, құс санының шектелген мөлшерінен аспауға, аңшы мен браконьерлерді анықтауға да көмегі көп болмақ. Қаңтар айының соңына дейін тіркелмеген аңшылардың рұқсат қағазы жарамсыз деп танылып, аңшылық кәсібі заңсыз болып табылады.