Маңғыстауда дәрігерлердің көшпелі тобы құрылды

АҚТАУ. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Облыс орталығынан дәрігерлердің көшпелі тобы құрылып, олар аудан, ауылдардағы емдеу орындарына барып, халыққа қызмет көрсетуде.
None
None
Топтың алғашқы жұмысы Мұнайлы ауданы Атамекен ауылындағы бастапқы медициналық көмек көрсету орталығында басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Дәрігерлердің көшпелі тобы облыстағы барлық аудан, ауылдарда екі күннен болып, сол жердегі әріптестерімен тәжірибе алмасып, жас мамандарға бағыт-бағдар бермек. Олардың құрамында акушер, гинеколог, дерматолог, педиатр және неврапотолог мамандары бар. Баратын емдеу орындарына қандай маман жетіспесе, сол саладағы дәрігерлер де топ құрамына алынып отырмақ. «Облыстық денсаулық сақтау департаменті ұйымдастырған бұл шара тұрғындар арасында ғана емес, дәрігерлер арасында да қолдау тауып отыр. Өйткені, бізге көптеген мамандар жетіспейді, кейде тіпті ауруларды қамтып үлгере алмаймыз. Мәселен, қазірде орталықта қатерлі ісік белгісі бар 39, туберкулез ауруының белгісі бар 42 науқас тіркеуде тұр. Соларды маман жетіспегендіктен үнемі бақылауда ұстай алмай отырмыз. Орталық тіс дәрігері, оташы, терапевт, неврапатолог және балалар дәрігеріне зәру. Жаңадан оқу бітірген жастар жұмысқа келеді, бірақ баспанасы болмай, не алғашқы қолдау қаражат бөлінбей, әрі жұмыс көп болғандықтан олар тез кетіп қалады»,-дейді Атамекен ауылдық бастапқы медициналық көмек көрсету орталығының директоры Дина Шарманова. Атамекен ауылдық округінде 18 мыңнан астам тұрғын бар. Оның 12 600-і ересектер болса, 5 мыңнан астамы 14 жасқа дейінгі балалар. 1 жасқа дейінгі сәбилер саны 620. Дәрігерлердің көшпелі тобы қызмет көрсеткен емдеу мекемелерінің барлық жетіспеушілігін, халықтың және жергілікті дәрігерлердің жағдайын есепке алып, өз жұмыстарын қорытындылайтын болады. Ал әзірге олардың келесі іссапары Маңғыстау ауданында жалғаспақ.
Соңғы жаңалықтар