Маңғыстауда киім тігетін цех маска өндірісін қолға алды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Коронавирус пандемиясы тудырған әлемдегі қолайсыз жағдай алдымен шағын және орта бизнеске оңай тимегені анық. Оның үстіне пандемияның алғашқы толқынында әлем бойынша медициналық маска жетіспеушілігі байқалды. Қиын кезеңде кей кәсіпкерлер бизнесін жаңа арнаға бұрып, карантин талабына бейімделе бастады. Соның бірі - маңғыстаулық кәсіпкер Әйгерім Ілиясова. ҚазАқпарат тілшісі маска тігіп, карантин кезінде жұмысшыларын қысқартпай, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкердің сұхбатын назарларыңызға ұсынады.

- Әйгерім, бизнеске келуіңізге не түрткі болды?

- Бұған дейін қаржы саласында бірнеше жыл жұмыс істедім. Биыл бизнеске келгеніме 4 жыл болады. 2016 жылы аяғым ауыр кезде кішкентайыма жаялық, жөргек, қолғап сияқты қажетті киімдерді іздедім. Балама отандық өнім алғым келіп, нарықты зерттей бастадым. Сөйтсем көбі - Ресей, Беларусь пен Қытайдан келген тауарлар.

Мен ұнатқандарының бағасы өте қымбат болды. Яғни қарапайым халыққа қолжетімді бағамен сапалы өнім таппадым. Содан мата сатып алып, балама қажетті дүниелерді үйден тіге бастадым. Көрген адамдар қайдан сатып алғанымды сұрай бастады. Өзім тіккенімді айтқанда, тапсырыс қабылдауымды өтінгендер болды. Содан қолымнан келген дүниені сатып, неге бизнес ашпасқа деген ой келді.

Басында үйден тіктім. Бір айдан кейін цехта жұмыс істедім. Жарты жылдан соң қасыма өзіме сияқты қыздарды жинап, үлкен цех аштым. Бүгінде ұжымда 15-ке жуық адам жұмыс істейді. Биыл Жұмыспен қамту орталығымен келісімшарт жасалды. Біз орталыққа тіркеліп, екі қолға бір күрек іздеп жүргендерді қатарымызға қабылдаймыз. Жұмыс береміз. Икемі барларды үйретеміз. Сөйтіп, маман дайындаймыз.

Әйтпесе, қазір жақсы тігіншілерге сұраныс бар. Өздеріңізге мәлім бүгінде адамдар қалауына сай киінеді. Сондықтан бізде жұмыс істегендер жеке бизнес ашып кетіп жатады. Міне, сондай уақытта ұжымда қажеттілік туындайды.

- Маска тігуді қашан қолға алдыңыз?

- Масканы 2020 жылдың қаңтарынан бастап тіктік. Қаңтарда досым Оңтүстік Кореядан келді. Екеуара әңгіме кезінде әлемдегі ахауал жайын талқыладық. Ол кезде Кытайда белгісіз вирустың тарап, Азия елдеріне де жеткенін естіп, оқып отырдық. Сол уақытта досым бұл індеттің салқыны көршілес жатқан қазақ еліне жететінін айтты.

Сөйтіп, маған маска тігуді қолға ал деген кеңес айтты. Басында онша сенбесем де неге көрмеске деген ой келді. Алдымен, балаларға арналған бетперде тіктім. Кейін сұраныс түскесін ересектерге арналған масканы тіктік. Наурыз айында Ақтау қаласына қажетті масканың 20 пайызын біз тіктік.

- Матаны қайдан аласыздар?

- Матаны Ресей, Қытай мен Түркиядан тапсырыспен алдыртамыз. 100 пайыз мақтадан жасалған маска болуы керек. Өйткені, масканы тігудің өзіндік тәртібі бар. Белгілі ережелерге сүйене отырып тігеміз. Маска демалуға ыңғайлы болуы керек.

- Тапсырыс беруші мекемелер бар ма?

- Қазір Қазақстан бойынша тапсырыс қабылдаймыз. Шетелге де отандық өнімді жібердік. Балаларға арналған маска - 300 теңге, ересектерге арналғаны - 400 теңгеден басталады. Көтерме баға бар. 100 штуктан алатын мекемелерге арзан бағада сатамыз.

Наурыз-сәуір айларында күніне 200-300 бетперде тіктік. Өйткені, ол уақытта сұраныс болды. Қазір күніне 50 маскаға дейін тігеміз. Қазір сұранысқа қарай тапсырыс алып жатырмыз. Бірақ тапсырыс азайды қол қусырып отырған жоқпын. Меніңше, қазір кез-келген адамның бизнес ашуына мүмкіндік бар.

Ыңғайлы кеңсе тауып, жақсы ұжыммен жұмыс істеуге болады. Оның үстіне тауарларыңды әлеуметтік желіде жарналайсың. Тынбай еңбек еткен адам несібесіз қалмайды. Бүгінге дейін мемлекеттен несие алмадым. Мүмкін болашақта кәсібімді кеңейтіп жатсам, мемлекеттің қолдауы қажет болар.

Әзірге өз қаржымыз жетіп отыр. Тамыр-таныссыз, кәсіпті нөлден бастаған адам ретінде айтарым осы.

- Әңгімеңізге рахмет.



Соңғы жаңалықтар