Маңғыстауда қызылша ауруын жұқтырған 3 адам тіркелді
3 адам да Мұнайлы ауданында 6 маусымда тіркелген.
«Соңғы рет облыста аурудың өршуі 2019 жылы (1 422 жағдай) және 2020 жылы (361 жағдай) тіркелген. Қазіргі уақытта қызылша ауруының алдын алу бойынша жұмыстар жалғасып жатыр», - деді Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаев.
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының инфекциялық бөлім меңгерушісі Гүлбану Нұржанова қызылша ауруынан кейінгі асқынулар болуы мүмкін екенін айтты.
«Қызылша – жедел жүретін, ауа арқылы жұғатын вирусты жұқпалы ауру. Ауру дене қызуының көтерілуімен, 2-4-ші күндері теріге ақшыл қызыл түсті бөртпелердің шығып, жоғарғы тыныс жолдарының, ауыз-жұтқыншақ қуысының және көздің шырышты қабықшаларының қабынуынан басталады. Қызылша ауруы асқынып кетсе отит, пневмония, энцефалит, 2 жасқа дейінгі ауырған балалар арасында бірнеше жылдардан соң панэнцефалит пайда болуы мүмкін», - деді Гүлбану Нұржанова.