08:01, 15 Наурыз 2014 | GMT +5
Маңғыстауда өрт салдарынан жас сәби ажал құшты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше кешкі сағат 17.02 шамасында Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Бейнау ауылында 20 пәтерлік екі қабатты үйдің екінші қабатындағы пәтерден өрт шыққан, деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен.
Тілсіз жау өрт сөндірушілер келгенге дейін ауыздықталған. Өрт аумағы 2 шаршы метрді қамтыған. Оқиға салдарынан екі бала иіс тиіп уланып, оның бірі - 2013 жылы туған Н.Доспанов ауруханаға жетпей қаза тапты. Ал, 2008 жылы туған А.Доспанова емделуге жатқызылды.
Сондай-ақ кеше түнгі сағат 22.17-де Петропавл қаласындағы 8 қабатты тұрғын үйдің 1-қабатындағы пәтерден өрт шыққан. Ол сағат 22.33-те ауыздықталды. Өрт 1 шаршы метр аумақты қамтыды. Оқиға орнынан денесі күйікке шалдыққан 1946 жылы туған азаматша В.Васильева ауруханаға жеткізілді. Тілсіз жауды ауыздықтауға Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД өрт сөндіру қызметінің жеке құрамының 5 адамы мен 1 техникасы жұмылдырылды.