Маңғыстауда өрттен зардап шеккен қостанайлықтарға гуманитарлық көмек қабылдау пунктілері ашылды

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысының қалалары мен аудандарында табиғи апаттан зардап шеккен Қостанай өлкесінің тұрғындарына гуманитарлық көмек қабылдау пунктілері ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстауда өрттен зардап шеккен қостанайлықтарға гуманитарлық көмек қабылдау пунктілері ашылды

«Тілсіз жаудың салдарынан Қостанай жұрты қазір үлкен қауіп-қатермен күресіп жатыр. Осы орайда, бүгіннен бастап «AMANAT» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы гуманитарлық көмек қабылдау пунктілерін ашты. Ақтау қаласы бойынша көмек қабылдау пункті партияның филиалы ғимаратында (17-шағын аудан, 50/1 ғимарат, 1-қабат) орналасқан», - деді «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Нұрбек Қарасаев.

Сондай-ақ, көмек қабылдау пунктілері барлық қалалық, аудандық партия филиалдары жанынан да ашылды.

Еске салсақ, 2 қыркүйекте сағат 15:10-да Қостанай облысындағы Қазанбасы ауылынан 20 шақырым жерде, «Басаман КШШ» КММ аумағында орман алқабы өртенген болатын. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин оқиға орнына тікұшақпен аттанды.

Өрт ауылдарға қарай жалындап, тұрғындар эвакуацияланды, өртке байланысты шұғыл желі іске қосылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин және Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың өрт аймағындағы жедел жағдай туралы есебін тыңдады.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің мәліметі бойынша, Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы өрт 43 мың гектардан астам аумақты шарпыған. Аманқарағай ауылында 98 үй өртеніп кетті. 10 адамды орташа деңгейде күйік шалған және уланған. Сондай-ақ, Аманқарағай ауылында бір адамның мәйіті табылды.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қостанай облысындағы алапат табиғи өрттердің салдарын жою мәселелері бойынша жедел кеңес өткізді.

Өңірлерде «AMANAT» партиясының гуманитарлық көмек қабылдау пунктілері жұмысын бастады.