Маңғыстауда өткен жылы 278 тарихи-мәдени ескерткіш зерттеліп, 169 құдық-шыңырауға ғылыми төлқұжаттар жасақталған

АҚТАУ. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - 2008 жылы облыс аймағында шашырай орналасқан археология, тарих, сәулет, діни-мемориалдық ескерткіштерін анықтау, зерттеу, қазіргі жағдайын жан-жақты фиксациядан өткізу мақсатында дала экспедициялары өткізіліп, мұрағат құжаттары мен кітапхана қорлары зерделенген.
None
None
Сол экспедициялар нәтижелерінде 278 тарихи-мәдени ескерткіш зерттеліп, 169 құдық-шыңырауға ғылыми төлқұжаттар жасақталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының басшылығына сілтеме жасап. Облыс аумағындағы ескерткіштердің электронды ақпараттық базасы бағдарламасын жасақтау үшін былтыр 1200 бірлік жәдігердің электронды ақпараттық базасы дайындалған. Сондай-ақ мемлекеттік қорғауда тұрған 37 тарихи-мәдени ескерткішке қорғау тақталары орнатылып, Ақтау?Форт-Шевченко?Тамшалы?Таушық бағыттарында орналасқан 37 тарихи-мәдени объектіге жол сілтегіштері қойылды. Ескерткіштерді насихаттау мақсатында Шопаната, Бекетата мешіттері, Қосқұдық елді мекені, Шақпақата жартасты мешіті, Түпқараған ғибадатханалары, Қызылқала, Үлкенқұдық ескерткіштері жайында жарнама буклеттер басып шығарылды. Бұған қоса алдағы уақытта да жалғасын табатын тарихи-мәдени мұралардың тізімі, ескерткіштің анықтама-сипаттама мәліметтері, фото-суреттері мен сызба-жоспарлары қамтылатын «Маңғыстау ескерткіштерінің жинағы» ғылыми-энциклопедиялық кітабын жасақтауға қажетті жұмыстар атқарылған. «2009 жылға «Мәдени мұра» Өңірлік-салалық бағдарламасы аясында «Мәдени мұра» ғылыми мақалалар жинағын шығару, өлкедегі эпиграфиялық және таңба-жазуларды ғылыми зерттеу, белгілеу, баспадан шығару, ЮНЕСКО-ға Маңғыстаудың тарихи-мәдени ескерткіштері туралы презентациялық мағлұмат дайындау үшін интерактивтік моделін жасақтау, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ескерткіштерді зерттеу экспедицияларын өткізу, Қызылқала орта ғасырлық қалашығында археологиялық зерттеу жұмыстарын жалғастыру т.б. іс-шаралар жоспарланып отыр. Сондай-ақ, құдық-шыңыраулар мен Ырғызбай-Қарасай, Жезді, Көлеңкелі тауы, Желтау, Тасастау-Қайнар, Шағырлы, Тоқсанбай, Солтүстік Үстірт шыңдары аймақтарындағы тарихи ескерткіштер зерттелетін болады», - дейді Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорық директорының орынбасары Нұрсәуле Дауымшарова.
Соңғы жаңалықтар