20:22, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Маңғыстауда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қорғау мәселесі бойынша меморандумға қол қойылды
АҚТАУ. Ақпанның 12-cі. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Маңғыстау облысы әкімдігінің және облыс прокурорының бастамасымен «Нұр Отан» ХДП, «Атамекен» одағы» Ұлттық экономикалық палатасының Маңғыстау облыстық филиалы, «Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер қоғамдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, «ҚР кәсіпкерлерінің тәуелсіз қоғамдастығы»

облыстық филиалының арасында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің құқы мен заңды мүддесін қорғау мәселесі бойынша өзара түсіністік пен әріптестік туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұл меморандумның ерекшелігі ? оған қосымша мерзімдері мен жауапты орындаушылары белгіленген нақты іс-шаралар жоспары дайындалған. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс уақытында ұлттық экономикаға қолдау көрсету, оны тұрақтандыру шараларын қабылдау, жұмыссыздыққа жол бермеу ? барлық мемлекеттік органдардың негізгі міндеті. Өңірде бүгінде 30 мыңнан астам шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл - 2007 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артық. Сонымен бірге, шағын кәсіпкерлікте қамтылғандар қатары 11 пайызға артып, 60 мың адамға жетті. Шағын кәсіпкерлік субъектілері (заңды тұлғалар) 60 млрд. теңгенің өнімін өндірді, бұл ? 2007 жылға қарағанда 11 пайыз артық. Салық төлемдерінің көлемі 52 млрд. теңгеге жетіп, 3,2 есеге көбейді. Кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымы: 3 бизнес-инкубатор, 3 бизнес-орталық, 12 микронесиелік ұйым құрылды. 2009 жылы дағдарысқа қарсы шаралар аясында жергілікті бюджеттен 300 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Алдын ала болжам бойынша, шағын несиелік ұйымдардан бөлінген микронесиелер есебінен 1710 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланды. Кәсіпкерліктің осы түрін қорғаудың қосымша тиімді шараларының бірі ? қол қойылған меморандум аясында облыста шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің құқы мен заңды мүддесін қорғаудың кешенді мониторинг жүйесін құру. Мұндай жүйенің өзге облыстарда әзірге баламасы жоқ. Статистикалық есеп пен БАҚ-та жарияланатын кәсіпкерлерге қатысты заң бұзушылық фактілері туралы материалдарға, сондай-ақ ел Үкіметінің дағдарысқа қарсы бағдарламасы аясында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің несиелендірілуіне жүйелі түрде мониторинг жасалады. Мониторинг нәтижелері бойынша кәсіпкерлердің осы несиелік ресурстарға қолжетімділігін жеңілдету бағытында шаралар алынады. Меморандумның жүзеге асырылуы облыстың қала және аудан әкімдерінің шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерімен кездесулерінде талқыланып тұрады. Бастысы, Меморандум аясында заңды кәсіпкерлікті қорғау жұмысы жүйелі әрі тұрақты түрде іске асады.