Маңғыстауда үздік полиция қызметкері таңдалды
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай, Маңғыстау облысындағы ішкі істер бөлімдері қызметкерлері арасынан «Мамандығы бойынша үздік» полиция қызметкері таңдалды.

Жеңімпаз атанған 24 жасар Нұрлан Мұхтарға Астанада өтетін финалға жолдама табысталды, - дейді «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Конкурсқа жол-патрульдік полициясының 8 қызметкері қатысты. Олар құқықтық-нормативтік актілер, алғашқы медициналық көмек көрсете білу, ату бойынша теориялық және практикалық білім, дене даярлығы, қол күресінің әдіс-тәсілдері, қиылыстағы жол қозғалысын тәжірибе жүзінде реттеу және тағы басқа ережелер бойынша жарысқа түсті. Конкурсқа қатысушыларға құрамына әкімшілік полиция қызметкерлері, кадрлық аппарат, медицина қызметкерлері, сондай-ақ әскери қызмет ардагерлері енгізілген әділқазылар алқасы төрелік етті. 
«Мамандығы бойынша үздік» болып байқаудың барлық талаптары бойынша ең жоғары ұпай жинаған, Ақтау қаласындағы жергілікті ІІБ қызметінің 1-ші жол-патрульдік полиция батальонының полицей-жүргізушісі, полиция кіші сержанты Нұрлан Мұхтар танылды», - дейді Маңғыстау облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі Шолпан Юлдашева.
Нұрлан Мұхтар Маңғыстау облысына қарасты Жетібай ауылының тумасы, 1993 жыл 30 мамырда дүниеге келген.
«Мен бала күнімнен полиция қызметкері болуды армандадым, арманым жүзеге асты. Еңбек жолымдағы менің ұстазым - батальонның 1-ші ротасының командирі, полиция аға лейтенанты Ерлан Отаров қызмет барысында үнемі өзінің өмірден алған тәжірибесін бөлісіп отырады. Маған полиция қызметкері мамандығы ұнайды, мамандығыммен мақтана отырып, қоғамдық тәртіп сақтауды қалыптастыру жолында бар күшімді сарп етуге әзірмін», - деді байқау жеңімпазы. 