09:54, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
Маңғыстауда жалпы құны 229 миллиард теңгені құрайтын Қазақстандық үлесті ұлғайту туралы өзара түсіністік пен әріптестік жөніндегі 16 меморандумға қол қойылды ? Вице-премьердің сапары
АҚТАУ. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ -Наурыздың 4-де облыс әкімдігінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев,
облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, сондай-ақ ірі өнеркәсіп кәсіпорындары және кен игеруші компаниялар басшыларының қатысуымен өңір экономикасының нақты секторындағы жағдай және облыс кәсіпорындарының отандық тауар мен қызмет түрлерін сатып алуына арналған мәжіліс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Кеңес жұмысына сондай-ақ Индустрия және сауда министрі Владимир Школьник, Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев қатысты. Мәжіліс аясында облыстағы ірі кәсіпорындар, жергілікті тауар өндірушілер және қызмет ұсынушылар арасында Қазақстандық үлесті ұлғайту туралы өзара түсіністік пен әріптестік жөніндегі 16 меморандумға қол қойылды. Осылайша, облыста жұмыс істейтін кәсіпорындар жалпы құны 229 миллиард теңгені құрайтын отандық тауар, жұмыс және қызмет тұтынуға міндеттенді.Қазір облыста 2008-2010 жылдарға арналған өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму тұрақтылығын қамтамасыз ету бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бірінші қажеттіліктегі азық-түлік, жанар-жағармай мен қоғамдық көлікте жол жүру ақысы ұдайы бақыланып отыр. Азық-түліктің 85 пайызы өзге өңірлерден әкелінетіндігіне қарамастан, өткен жылы облыс инфляцияны республика бойынша ең төменгі деңгейде (7,8%) ұстай алды. Биылғы жылғы басымдық - облыс кәсіпорындарындағы жұмыс орындарын сақтау және мейлінше көбейту болып жарияланды. 2009 жылы облыс кәсіпорындарында кемінде 8 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ, соның ішінде 1 мың орын әлеуметтік және 4,5 мың орын шетелдік жұмыс күшін тартатын компаниялар есебінен құрылмақ. Сонымен бірге, әрбір кәсіпорынмен бірлесе жұмыс орындарын ашудың жоспар-кестесі жасақталды. Бос орындар туралы хабарламалар облыстық телеарнада күнбе-күн және облыстық екі газетте апта сайын жарияланып отыр.Жұмыссыздар қатары көбейген жағдайда кәсіптік оқуға жолданатындар, қайта даярлауға және қоғамдық жұмыстарға бағытталатын жұмыссыздар саны 2 есеге ұлғайтылады. Өңір экономикасының өзегі саналатын 88 кәсіпорынмен жұмысшылардың еңбек құқықтары және кепілдіктерін қамтамасыз ету жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл шара өндіріс жартылай не уақытша жұмысын тоқтата қалған жағдайда, жұмыс орындарының экономикалық тұрғыдан негізсіз қысқартылуына жол бермеуге және ол қиындықтардың еңбек ұжымына тигізетін кері әсерін мейлінше азайтуға мүмкіндік береді. Кәсіпорындар жұмыстан босатылатын адамдарды кәсіптік оқуға, екінші мамандық алуға мүмкіндік беруге міндеттенді. Осы шаралардың барлығы 65 мың жұмысшының құқығы мен мүддесін қорғауға жағдай жасайды. Өңірдегі индустриалды-инновациялық жобалардың бірде бірі тоқтап қалмай, жүзеге асырылуда.