Маңғыстауда жолаушылар автобусы апатқа ұшырап, 5 адам жарақаттанды
БАСҚҰДЫҚ. ҚазАқпарат - 3 маусым күні Маңғыстау облысының Басқұдық ауылында жол-көлік оқиғасы орын алды. Апат салдарынан зардап шеккен бес адам Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді. Бұл жайлы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА lada.kz-ке сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше жол-көлік оқиғасы жолаушылар автобусының ізімен келе жатқан «Toyota Fortuner» автокөлігі жүргізушісінің кінәсінен болған. Жүргізушісі қашықтықты сақтамаған.
«Жүргізушіге қатысты ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 610 бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Материал шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа берілетін болады», - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, зардап шеккен бес адам жеңіл жарақат алған. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін олар үйлеріне жіберілді.