Маңғыстауды қызыл қасқырлар жайлағаны рас па - комитет жауабы

«Кешеден бері бірқатар БАҚ-та Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Аташ елді мекенінің тұрғындарын ҚР Қызыл Кітабына енген «қызыл қасқырдың» талағаны туралы ақпарат тарады. Ресми түрде бұл жабайы жануардың қызыл қасқыр еместігін хабарлаймыз. Бұл - қарапайым жабайы шиебөрі», - деп хабарлады Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.
Комитеттің хабарлауынша, қызыл қасқырлар Қазақстан аумағында кездеспейді. Соңғы 50 жылда Қазақстанда қызыл қасқырлар туралы ақпарат болмаған. Қызыл қасқырлар халықаралық табиғатты қорғау одағының және Қазақстан Республикасының Қызыл Кітабына енгізілген.
«Түпқараған ауданының халқы шиебөріні «қызыл қасқыр» деп жиі атайды. Шиөбөріге таланған 3 азаматтың денсаулығы тұрақты деген хабар алдық. Адамға немесе малға жабайы аң шабуыл жасағанда, жергілікті ветеринария қызметіне хабарласу керектігін ескертеміз. Қасқыр мен шиебөріні атуға Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясынан мемлекеттік қызмет шеңберінде рұқсат алуға болады», - делінген ресми хабарламада.
Фото: bilim-all.kz