02:39, 18 Қыркүйек 2023 | GMT +5
Маңғыстаулық кәсіпкерлер халықаралық ірімшік жасаушылар гильдиясына қабылданды
Маңғыстаулық Александра Григолова мен Никита Кобзев Франциядағы «Mondial du fromage-2023» халықаралық ірімшік және сүт өнімдері байқауында күміс пен қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Mondial du fromage 2023» байқауы - ірімшік жасау әлеміндегі маңызды оқиға. Байқауда әлемнің әр түкпірінде әзірленген ірімшіктің 1 600 түрі таныстырылды. Аталған өнімдердің арасынан 250 төреші ірімшіктің 150 түрін жоғары бағалады. Олардың қатарында Александра мен Никитаның «Жеті лақ» фермасында жасалатын ешкі мен түйе сүтінен дайындалған ірімшіктің 2 түрі бар.
«Қазақстан тарихында тұңғыш рет біздің өндірушілер үздік әлемдік ірімшік жасаушылармен конкурсқа қатысып, отандық өнімдерді ұсынды. Біздің мақсатымыз - ірімшік мәдениеті мен ірімшік жасау шеберлігін дамыту. Байқауға 6 айдан астам уақыт дайындалдық. Осындай жетістікке жеткенімізге өте қуаныштымыз және мақтан тұтамыз. Бізді халықаралық ірімшік жасаушылар гильдиясына салтанатты түрде қабылдады. Бұл - ірімшік әлемінің элитасы. Біз Қазақстанның осы атаққа ие болған алғашқы ірімшік жасаушыларымыз», - дейді Александра Григолова.
Айта кетейік, олардың фермасы Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр ауылында 2020 жылдан бастап жұмыс істейді. Кәсіпкерлер айына 3,5 тонна пастерленген ешкі сүтін, йогурт, айран, сүзбе, қаймақ және ірімшіктің 12 түрін шығарады. Ферма 10 га жерді алып жатыр, оның төрт гектары ешкі өсіруге арналса, қалған аймақта жем-шөп қоймасы мен сүт өңдеу цехы орналасқан.