Маңғыстаулықтар ерке Есілге қарт Каспийдің сәлемін әкеледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында 15-18 тамыз аралығында Маңғыстау облысының Мәдени күндері өтеді. «Қарт Каспийден сәлем ал, Ерке Есіл» атты бағдарламамен келетін маңғыстаулықтардың мәдени шарасына 600-ден астам өнерпаз қатысады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл туралы бүгін ОКҚ-да баспасөз мәслихатын өткізген Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов мәлім етті.

«Астанадағы Маңғыстау облысының Мәдени күндері аясында 34 шара өтеді. Атап айтқанда, 15 тамызда кешкі сағат 21:00-де «ЭКСПО-2017» көрмесінің амфитеатрында «Қарт Каспийден сәлем ал, Ерке Есіл» атты концерт өтеді. Оған Тамара Асар, Айгүл Қосанова, Кәмшат Жолдыбаева, Ұлықпан Жолдасов сынды белгілі өнерпаздар қатысады. Одан кейін, 16 тамыз күні «Шабыт» ғимаратында Маңғыстау өңірінен шыққан Есенғали Раушанов ағамыздың «Біздің елдің жылқысы кіл көкмойнақ» шығармашылық кеші өтеді», - дейді Мақсат Сқақов.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, 17 тамыз күні этноауылда Маңғыстау жұртының  салт-дәстүрі мен әдет ғұрпы көрсетілмек. Жиналған халық маңғыстаулықтардың дастарханынан дәм тататын болады. Одан кейін Тамара Асар мен «Жорға» би ансамблінің үлкен концерті ұйымдастырылады.  Сонымен қатар, қала саябақтарында маңғыстаулық көркем өнер иелерінің көрмесі өтеді.

18 тамыз күні Әбіш Кекілбаевтің «Шыңырау» спектаклі қойылмақ. Спектакль М.Горкий атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында сағат 16:00-де басталады.

Шара аясында сонымен бірге, көкпардан, жасөспірімдер арасында қазақ күресінен, тоғызқұмалақтан сайыстар өтеді.

«Қазанат» ипподромында көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Адай» командасы сынға түседі. Қыз қуу, теңге ілу, асық атудан сайыстар ұйымдастырылады.

18 тамызда «Қазақстан» спорт кешенінде «Ұлы дала қырандары» жобасы аясында аралас жекпе-жектен (М1 және К1) жарыстар өтеді. Жарысқа алты мемлекеттен, атап айтқанда, Қазақстан, Украина, Латвия, Өзбекстан, Польша, Хорватиядан спортшылар қатысқалы отыр. Қазақстаннан жекпе-жекке Маңғыстау, Астана, Павлодар, Ақтөбе, Атырау қалаларының кіл мықтылары шығады», - дейді Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бекболат Байжанов.

Соңғы жаңалықтар