17:00, 18 Ақпан 2009 | GMT +5
Маңғыстаулықтарды түйе шаруашылығын дамыту, көлік қатынасы, газ, теміржолшылар жағдайы көбірек толғандырады
АҚТАУ. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі Зейнолла Алшымбаев Маңғыстауда сайлаушылармен бірқатар кездесулер өткізді. Депутатпен жүздесуге Ақтау, Жаңаөзен қалаларының, жаңадан ашылған Мұнайлы ауданының жұртшылығы қатысты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кездесуге келген сайлаушылардың көтерген мәселелері бірнеше саланы қамтыды. Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялық университетінің студенттері мен оқытушылар құрамымен болған кездесуде оларды негізінен білім мен ғылымды қаржыландыру, жаңа технологияларды дамыту мәселелері көбірек толғандыратыны белгілі болды.Мұнайлылықтар тарапынан негізінен көлік қатынасы, газ, теміржолшылар жағдайы туралы мәселелер көбірек қозғалды. Ал ауыл тұрғындары түйе шаруашылығын дамыту, жұмыссыздық мәселелерін көбірек көтерсе, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері еңбекақы, мұнай өңдеу зауытын салу мәселелерін сөз етті.Маңғыстау жұртшылығымен кездесуге келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Зейнолла Алшымбаев Ақтау қаласындағы «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауда болған 70-ке жуық азамат тиісінше қойған мәселелеріне жауап алса, 16 адамның мәселесін шешу жөнінде жедел іс-шаралар қабылданды. Өңірдегі кездесулерде депутат З. Алшымбаев Үкіметтің дағдарысқа қарсы жүзеге асырып жатқан іс-шаралары туралы жұртшылықты хабардар етті. Партияның көшбасшысы Н. Назарбаевтың қоғамдағы ауызбірлікті сақтау, мемлекетіміздің дамуы жөнінде жасалып жатқан жұмыстар депутаттың жұртшылықпен кездесулеріндегі әңгіменің арқауы болды.