«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ облыстағы әлеуметтік жобаларға 5,4 миллиард теңге бөлетін болды

АҚТАУ. Шілденің 9-ы. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/ - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Маңғыстау облысындағы әлеуметтік жобаларға 5,4 миллиард теңге бөлетін болды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігі мен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ арасында келісімге қол қойылған кезде айтылды.

Тараптар әлеуметтік жобаларды жұмыла жүзеге асыруға уағдаласты. Қол жеткізілген келісім бойынша өңірдегі ірі мұнай компаниясы болып табылатын «Маңғыстаумұнайгаз» аймақта жүзеге асырылатын әлеуметтік жобаларға 5,4 миллиард теңге бөлетін болды.

«Қара алтын» игерушілердің қомақты қаражаты есебінен Жетібай кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен өнер мектебінің құрылысы жүргізілмек.

Сондай-ақ, «Ақтау-Қаламқас» автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстары атқарылады.

Акционерлік қоғамның бас директоры Алик Айдарбаевтың айтуынша, ағымдағы жылы өзге мұнай компанияларымен бірге осы мақсатқа бір миллиард теңгеден астам қаражат бөлінбек.

Келісім бойынша аудандарда ауыл шаруашылығын дамытуға қаржылай көмек көрсетіледі. Балаларға арналған мекемелер мен сәбилер үйі де назардан тыс қалмайтын болды.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы атап өтілгелі отырған Бекет атаның 260 және Иса-Досан батырлар қолбасшылық еткен ұлт азаттық көтерілістің 140 жылдық мерейтойы аясындағы іс-шараларға да қаражат қаралмақ.

Компания өкілдерінің айтуынша, әсіресе мұнай игерілетін елді мекендерге басымдық танытылатын болады. Өйткені компания өз жұмысшылары мен олардың отбасылары үшін өмір сүру жағдайын жақсартуды көздеп отыр.

Сондай-ақ, облыс орталығының 4-шағын ауданындағы №10 балабақша ғимараты коммуналдық жекеменшікке өткізілмек. Аталған балабақша компания қаражаты есебінен күрделі жөндеуден өтіп, заманауи сұранысқа сай жабдықталып, қайтадан қолданысқа берілетін болады.

Аталған әлеуметтік жобаларды былай қойғанда, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы өз жұмысшылары мен олардың отбасыларына, ардагерлеріне жәрдем түрлерін қарастырып, көмек көрсетуде.

Келісімге қол қою рәсімі барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының бұл бастамасы өзге мұнай кәсіпорындарына үлгі боларлық екенін атап өтіп, компания басшылығына қабылдаған шешімдері үшін алғыс білдірді.

Соңғы жаңалықтар