Мәншүк Мәметованың ең алғашқы ескерткіші қалай орнатылды

ОРАЛ. KAZINFORM — Қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы берілгеннен кейін Қазақстанда оның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында іс-шаралар қолға алынды. Осыған орай Kazinform тілшісі батысқазақстандық өлкетанушы Айболат Құрымбаевпен әңгімелескен еді.

а
Фото: ibirzha.kz

— Айболат Шамұратұлы, елімізде қазақтың батыр қызына арналған ескерткіш бірнеше қала мен ауылда орнатылды. Осылардың алғашқысы жөнінде не айтар едіңіз?

— Пулеметші Мәншүк Мәметованың 1943 жылы 15 қазанда Калинин (қазір Псков) облысы Невель ауданы Ново-Заиванье деревнясында ерлікпен қаза тапқаны белгілі. 25 қазанда Мәншүктің қаруластары анасы Әмина Мәметоваға хат жолдап, қызының қаһармандықпен мерт болғаны жөнінде хабарлап, оның жауынгерлік жолы өшпес үлгі екендігін атап өткен. 

Қазақстан Үкіметінің ұсынысымен КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 1 наурыздағы Жарлығымен Мәншүк Мәметоваға Батыр атағы берілді. Сол жылы 3 маусымда Мәншүктің есімін мәңгі есте қалдыру туралы Қазақстан халық комиссарлары кеңесі мен Компартиясы орталық комитетінің қаулысы шыққан. Қаулының бірінші бөлімінде Батыс Қазақстан облыстық атқару комитеті мен партия комитетіне Мәншүктің туған елі — сол кездегі Орда (қазір Бөкей ордасы) ауданының орталығы Орда (Хан ордасы) ауылында ескерткіш орнату тапсырылған.

 

а
Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

— Басқа да іс-шаралар қолға алынған ғой?

— Иә, қаулыда сонымен қатар Алматы қаласында Іле көшесін Мәншүк Мәметова есімімен қайта атау, тарихи музейде материалдар орналастыру жөнінде айтылған. Молотов атындағы Қазақ мемлекеттік медицина институтында (қазір Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті) Мәншүк Мәметованың құрметіне айына 500 сом көлемінде дербес шәкіртақы тағайындау міндеттелген.

Жазушылар және Композиторлар одағына батыр бейнесін көрсететін пьеса, әндер жазу жүктелген. Арнайы кітапша мен фото-открытка дайындап шығару, Алматыда жаңадан ұйымдастырылатын қыздар педагогикалық училищесіне Мәншүк Мәметованың есімін беру керектігі атап көрсетілген.

— Ескерткіш орнату үшін қаржы керектігі белгілі. Ол қайдан алынған?

— Қаулыны орындау мақсатында Орда ауданындағы ұжымшарлардан қаржы жиналған. Облыстық мемлекеттік архивте сақталған істе барлығы 49 ұжымшардың қанша қаржы қосуы керектігі көрсетілген. 1944 жылы 23 қазанда қаржы жинау кезінде Лабай ауылдық кеңесі «Жаңажол» ұжымшарының төрағасы Мәншүктің немере ағасы Қанат Мәметов болған. Өкінішке қарай, КСРО көркемөнер қоры Қазақ республикалық бөлімшесі Мәншүктің ескерткішін цементтен құю туралы тапсырысты орындамаған.

Мұны жергілікті билік орындарының 1946 жылы 6 маусымда Қазақ Министрлер кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов пен Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке жазған хатынан көруге болады. Содан кейін оралдық мүсінші Хасан Шамсутдиновке тапсырыс берілген.

Архивте ескерткіштің сметасы жөнінде құжаттар сақталған. Онда 23 500 сом қаржыға қоса қанша материал қажет болатыны жазылған.

а
Фотоны ұсынған өлкетанушы Айболат Құрымбаев

— Сонымен батыр ескерткіші қашан бой көтерді?

— Актіге сәйкес жергілікті органдар 1948 жылы 6 желтоқсанда Хасан Шамсутдиновтан темірбетоннан құйылған ескерткішті қабылдап алған. Тұғырымен қосқанда биіктігі — 2,2 метр. Онда Мәншүктің пулемет лентасын ұстап тұрған сәті бейнеленген. Биыл сонда Қазақстанда Мәншүк Мәметоваға алғашқы ескерткіштің орнатылғанына 77 жыл толады. 

Содан кейін өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғында Бөкей ордасы ауданының қазіргі орталығы Сайқын ауылындағы Мәншүк Мәметова атындағы мектеп ауласында мүсін қойылды. Бұл, менің ойымша, екінші ескерткіш болуы керек. Бұл дерек әлі де нақтылай түсуді қажет етеді.
2017 жылы Оралда қазақтың үш батыр қызы Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Хиуаз Доспановаға ескерткіш ашылғаны мәлім. Соған байланысты осыған дейін Оралда тұрған Мәншүк ескерткіші Сайқын ауылына көшірілді.

а
Фото: Бақытқаным Мизамбаева

Жалпы, Мәншүктің ескерткіш, мүсіндері Алматы, Қызылорда, Астана қалаларында, Жәнібек ауданы орталығы Жәнібек ауылында бар. Сондай-ақ оның есімі Ақтөбе мен Қызылордадағы колледждерге берілген. 

Қазақстан бойынша батыр атындағы барлығы оннан астам білім мекемесі болса, соны Орал қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы мемориалдық музейдің меңгерушісі, өлкетанушы Ахмедияр Батырханов екеуміз аралап шыққымыз келеді. Өйткені Мәншүктің өшпес ерлігін насихаттау — біздің парызымыз.

Кітаптарды айтпағанда, Мәншүк туралы 600-ден астам мақала жазылған. 100-ден астам мақала Ахмедияр Батырханов құрастырған «Айналды мәңгі жалынға» деген естелік жинаққа енгізілді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ақын Абдолла Жұмағалиев туралы тың деректер жария етілгенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар