Мәншүк Мәметованың 95 жылдығына орай халықаралық автожорық ұйымдастырылмақ

Оралдағы Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің директоры Светлана Бектенованың мәлім еткеніндей, аталған жорыққа өңір жастары да қатыспақ. Осы орайда Орал ақпараттық технологиялар колледжімен келісім жасалып, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында іс-шаралар жоспарланған болатын. Колледжде жұмыс жасайтын «Іздеу» үйірмесіне белсене қатысатын студенттер педагогтарымен бірге аталған жорыққа шықпақ. Жыл сайын Жеңіс күніне екі апта қалғанда, Ресейдің Псков облысында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан белгісіз жауынгерлерді анықтау мақсатында іздестіру жұмыстары басталады. Батысқазақстандықтар ресейлік «Қалампыр» тобымен бірге осы жұмыстарға қатысатын болады.
Музейде өткен кездесуде соғыс және еңбек ардагерлері Хамза Сафин, Алевтина Митрохина, Лидия Губанова қазіргі кезде Орал қаласында тұрған Мәншүк Мәметованың ескерткішін туған жері Бөкей ордасы ауданына көшіру туралы ұсынысты қолдайтындықтарын жеткізді. Кезінде ұлттық кәсіби мүсін өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақстан халық суретшісі Хакімжан Наурызбаевтың қолынан шыққан ескерткіш жөнделгеннен кейін Бөкей ордасында орын тебеді. Ал оның орнына қазақтың үш батыр қызы Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Хиуаз Доспановаға арналған композиция қойылмақшы. Бұл ескерткішті биылғы Жеңіс күніне орай ашу көзделуде.
Айта кетейік, Мәншүк Мәметованың 95 жылдығына орай басқа да шаралар жоспарлануда.