Маралдыда топырақ пен судан қауіпті инфекциялар мен цианид табылмады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылында 8 мал өліміне байланысты жүргізілген зерттеулердің алғашқы нәтижесі шықты.

Маралдыда топырақ пен судан қауіпті инфекциялар мен цианид табылмады
Фото: Күршім ауданы әкімдігі

Топырақ пен судан алынған сынамаларға жүргізілген зертханалық талдаулар аса қауіпті жұқпалы аурулар мен уытты заттардың жоқтығын көрсетті.

- Ұлттық сараптама орталығының аккредиттелген зертханасындағы зерттеулер нәтижесінде лептоспироз, псевдотуберкулез, иерсиниоз, сібір жарасы мен цианид табылмады. Ал пастереллёз бен туляремияға қатысты сынамалар әлі зерттеліп жатыр. Олардың қорытындысы 4 қазанға дейін дайын болады, - деп хабарлады ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.

Бұған дейін жергілікті тұрғындар ауыл маңындағы алтын фабрикасының зияны болуы мүмкіндігіне күдіктенген болатын. Осы орайда, мамандар топырақтан 9, бұлақ суынан 2 сынама алып, мал өлекселерінен биоматериал жинаған.

Өңірлік ветеринарлық қызмет өкілдері де биологиялық сынама алып, зерттеуге жіберген.

Мал өлекселері жойылып, аумақ зарарсыздандырылып, шаруашылықтарды тексеру мен малға вакцина егу жұмыстары жүргізілді.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, ауылда басқа фактілер тіркелмеген.

Еске сала кетейік, бұған дейін ШҚО Күршім ауданында 8 мал өлімі тіркеліп, оның себебі анықталып жатқаны хабарланған.

Соңғы жаңалықтар