Бұғының мүйізі мен қанынан ерекше емдік өнім алатын шаруашылық
АСТАНА. KAZINFORM – Бурабайдың сауықтыру туризмі жалпы жұртқа танымал бола бастаған. Солардың бірі – Ақмола облысы Бурабай кентінің іргесіндегі теңбіл бұғының мүйізі мен қанынан емдік мақсатта өнім алып отырған «AQ MARAL» шаруашылығы.

Бүгінде аталған Президент Іс басқармасы «Бурабай» ұлттық паркінің марал өсіретін шаруашылығында 200-ден астам бас теңбіл бұғы қолда бағылуда. Олар өздерінің табиғи ортасында – 600 гектарға созылып жатқан қалың орман алқабын мекендейді.

«Қыс мезгілінде күніне екі рет жем-шөбін береміз. Жазды күні маралдар көк шалғынды қуалап жайлып, қолға көп келе бермейді. Мекендейтін шаруашылық аумағы темір торлармен қоршалған. Осы уақытқа дейін ит-құстан аманбыз. Бірақ сонда да қаупсіздік үшін күзетіп, бақылап отырамыз. Теңбіл бұғы 14-15 жыл өмір сүреді. Оның 3 жасынан бастап мүйізін кесіп, емдік мақсатта пайдаланамыз. Негізінен маусым-тамыз айларында кесеміз. Наурыздың аяғында маралдың мүйізі өздігінен түсе бастайды да, орнына жаңасы өсіп шығады. Оларды ұстап көрсеңіз, жұп-жұмсақ болады. Сол мүйіздер 10-15 сантиметрдей өскен кезде түбінен екі елі тұқылын қалдырып кесеміз. Бұғының жас мүйізінде жан болмайды. Дұрыс өлшеп, кессе ауырсынуды сезбейді», - дейді орталықтың шаруашылық басшысы Айболат Рахматулин.


Мамандардың айтуынша, Бұғының мүйізі мен қаны – артрит, артроз, остеохондроз сияқты тірек-қимыл жүйесі ауруларын емдеу үшін, сонымен қатар иммундық жүйені күшейтуге қолданылады. Табиғатта 22 түрлі аминқышқылы бар болса, олардың 18-і бұғы мүйізінен табылған. Жалпы әлемде бұғының мүйізі мен қаны емдік мақсатта кеңінен қолданылады. Сондықтан «AQ MARAL» шаруашылығы келген қонақтарға осындағы пантамен емдеу орталығына барып, дәрігердің кеңесін ала отырып, ерекше өніммен ем алуына жағдай жасаған.