Маралдыда алтын өндірісіне министрлік ешқандай рұқсат берген жоқ – Зүлфия Сүлейменова

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат –Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Маралдыдағы алтын өндірісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылының халқы алтын өндіру фабрикасының құрылысына былтырдан бері қарсылық танытып жатқаны жайлы хабарлаған болатынбыз. https://kaz.inform.kz/news/maraldy-auylynyn-turgyndary-altyn-ondirisin-ashuga-karsy-pikirde_a3948365 ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова өңір халқымен кездесу барысында осы мәселеге орай жауап берді.

«Экология министрлігі компанияға рұқсат бермеген. Бізге сол жоба көрсетілген кезде, өзенге белгілі бір химиялық заттардың түсу мүмкіндігі туралы сұрақтар туындады. Мұның бәрін қарап шығып, өз пікірімізді айттық. Экология министрлігі алтын өндіруге ешқандай рұқсат бермегенін тағы да атап өткім келеді», - деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ Зүлфия Сүлейменоваға Риддер қаласындағы дендросаябақтың орнына мектеп салу мәселесіне қатысты сұрақ қойылды. Тұрғындар білім ошағын басқа жерден салуды өтінді.

«Менің ойымша, бұл саябақты сақтап қалу керек. Бақты басқа жерге көшіргеннің өзінде жаңа ағаштарды отырғызуға жылдар кетеді. Әкімдіктен Бас жоспарды қайта қарап, халықтың пікірін ескеруді сұраймын», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар