Марат Ахметжанов Қосшыдағы жедел жәрдем көлігінің тапшылығын қалай шешетінін айтты

Биыл Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Қосшы қаласындағы жедел жәрдем көлігінің тапшылығын қалай шешетінін айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Марат Ахметжанов
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

«Ресми дерек бойынша, Қосшы қаласында 52 мың адам тұрады. Ал шын мәнінде халық саны 100 мыңнан асып кеткен. Норматив бойынша әр 10 мың адамға 1 санитариялық автокөлік болу керек. Сонда жедел жәрдем көлігінің саны қажеттіліктен екі есе аз деген сөз. Осы проблемаларды шешу үшін біздің алдымызда агломерация орталығы мен іргелес елді мекендердің арасында теңгерім орнату керек. Осыған байланысты жаңа Кешенді жоспар әзірленді. Ол жоспардың аясында 300 іс-шара көзделген. Оның ішінде инвесторлардың жеке қаражатына іске асырылатындары да бар. Астана әкімі екеуіміздің арамызда Астана кәсіпкерлеріне біздің өңірде ерекше жағдай жасау туралы келісім бар. Мысалы, Ақмола облысының аумағына кіретін Астанаға іргелес елді мекендерден астаналық инвесторларға жер телімдерін беру көзделіп отыр.
Осылайша өңірдің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті кеңінен пайдаланылады. Ол қарапайым халық үшін жұмыс орындары деген сөз», - деді әкім.

Оның сөзінше, елорда агломерациясын дамыту бағытында өзекті проблемалар баршылық.

«Күн сайын елордаға іргелес ауылдардан 200 мың адам, 30 мың көлі кіреді. Ресми мәлімет бойынша, агломерация аумағында 180 мың адам, нақты жағдайда 300 мың адам тұрып жатыр.  Бұл бюджетті жоспарлау кезінде және әлеуметтік нысандар салу мәселесінде белгілі бір қиындықтар туындатады. Соның да әсерінен біздің өңір республика бюджетінен дотация алатын облыстардың бірі болып келеді», - деді Марат Ахметжанов.

Соңғы жаңалықтар