Марат Ахметжанов тасқын судан зардап шеккен көкшетаулықтармен кездесті

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласының су басқан аудандарын аралап, судан зардап шеккен Железнодорожная және Шалқар көшелерінің бойындағы үйлердің тұрғындарымен кездесті.

 Ақмола облысы әкімдігі
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Су тасқынынан зардап шеккендердің бірі – Самат Байтұрынов. Ол 2000 жылдан бері Железнодорожная көшесі 2 мекен-жайы бойынша орналасқан тұрғын үйдің 82 пәтерінде тұрады. Қылшақты өзені арнасынан асып, тасыған кезде оның үйіне кірген. Қазіргі кезде ол уақытша басқа пәтер жалдап тұруға мәжбүр. 

 Ақмола облысы әкімдігі
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Тұрғындармен кездесуінде аймақ басшысы қазіргі уақытта Көкшетау қаласының әкімдігінде материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия құрылғанын, соның аясында зардап шеккен тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетілетінін атап өтті.

«Бұл мәселе менің жеке бақылауымда. Біз зардап шеккен тұрғындарға көмектесудің әртүрлі нұсқаларын қарастырамыз. Ешкімде назардан тыс қалмайды», - деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ, облыс әкімі су басу аймағында болған «Ертөстік» балабақшасында болып, мүдделі мемлекеттік органдарға әлеуметтік нысанның қызметін қысқа мерзімде қалпына келтіруді тапсырды.

Айта кетсек, бұдан бұрын Көкшетауда су тасқынынан мүлкіне зиян келген 65 адамнан өтініш түскенін жазған едік.